28 қыркүйек күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен облыстық құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Отырыста Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Асқаров құқықбұзушылықтың орын алу себептері туралы сөз қозғады.
– Жол апатын болдырмау бағытында жұмыстанып жатырмыз. Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 1422 жүргізуші ұсталды. Жылдамдықты бақылаудың 40 стационарлық автоматты жүйесін орнатуды және іске қосуды жоспарлап отырмыз. Өңірдің ерікті жастары мен жергілікті блогерлердің қатысуымен 5 профилактикалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Полиция қызметкерлеріне көлік алу үшін ақша бөлінді, – деді Берік Ысқақұлы.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің хабарламасына сүйенсек, Орал қаласының көшелерінде орнатылған жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдар (ЖҚРТҚ) жақсы жұмыс жасап тұр. Төрт жерге салу жоспарланған жаяу жүргінші өткелі бүгінгі таңда екі жерге орнатылып, таңбаланғанған.
Іс-шарада жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығы, кейбір мүліктерді, соның ішінде, қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншікке айналдырылу тәртібі туралы да айтылды.
БҚО қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Есенғалиевтің айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 246-бабының 3-тармағына сәйкес қараусыз жүрген жануарларды көрген адам iшкi iстер органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарға мәлiмдеуге міндетті. Алты ай iшiнде меншiк иесi табылмаса, меншiк құқығы жануарларды баққан адамға көшедi. Бұл адам меншiгiне алудан бас тартса, олар коммуналдық меншiкке түседi және аудандардың тиісті жергілікті атқарушы органдары белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады.
– Жол бойына шығып кеткен қараусыз жүрген малдардың кесірінен көптеген жол апаты орын алып жатыр. Мал ұрлығы неліктен көбейіп кетті? Біз әлі де құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуіміз қажет. Осы отырыста қозғалған мәселелерді талқылап, бір ай ішінде тиісті шараларды қолданып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, – деді Ғали Есқалиев.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz