29.09.2021, 15:43
Оқылды: 43

ЭЦҚ. Қазақ пен қырғыз құжат алмасуды электрондық нұсқада жүргізе алады 

 Бүгіннен бастап екі бауырлас елдің мемлекеттік органдары мен басшылығы ресми хат жазысу, нота жолдау және тағы да басқа құжат айналымын ЭЦҚ-мен қол қою арқылы электрондық нұсқада жүргізе алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды.

815cf1c922140359243a4e2c6bdf192b

Қырғыз әріптестердің шақыруымен Бішкекте іссапарда жүрмін. Қырғыз Республикасының цифрлық даму министрімен жүздесу барысында екі елдің цифрландыру үрдісін талқылап, енгізілген цифрлық жобалар мен алдағы мақсат-жоспарлар туралы ой бөлістік. Сондай-ақ Денсаулық сақтау, Білім және ІІМ министрлерімен де ресми кездесулер өткіздік, - деп жазды министр.

Алдағы уақытта қазақ пен қырғыз құжат алмасуды электрондық нұсқада жүргізе алады.

Бұл кездесулерден бөлек, біз екі ел арасындағы алғашқы трансшекаралық құжат айналымын сынақтан өткізіп, іске қостық. Яғни бүгіннен бастап екі бауырлас елдің мемлекеттік органдары мен басшылығы ресми хат жазысу, нота жолдау және тағы да басқа құжат айналымын ЭЦҚ-мен қол қою арқылы электрондық нұсқада жүргізе алады. Бұл көптеген қордаланған мәселені шешуге жол ашатыны анық, - деп жазды Мусин.

Министр әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке қабілетті болу үшін алдымен аймақтық нарықта белсенді болу керектігін айтты.

Сондай-ақ  «Западная» радиотелевизиялық станциясын бірге пайдалану туралы келісімге қол қойдық. Бұл станция Тараздан 150 шақырымдағы Тянь-Шань жотасында, теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте орналасқан. Біздің басты мақсат-міндеттеріміздің бірі - қазақстандық сәтті жобаларды насихаттап, экспорттау. Сондықтан осы сапарға бірнеше отандық технологиялық компанияларды шақырдым  (Cerebra, Sergek, BilimMediaGroup, АзияСофт). Өз өнімдері жайлы айтып, таныстыру нәтижесінде олар цифрлық шешімдерін Қырғыз Республикасында пилоттық тәртіпте іске қосу бойынша келісімге қол жеткізді. Кездесу барысында ІТ-жобаларымыздың экспорттық әлеуетін арттыру және тәжірибе алмасу үшін стартаптар экожүйесін дамыту, инвестиция тарту, акселерация бағдарламаларын жасау және ұсыну аясында Astana Hub пен Қырғыз Республикасының Жоғарғы технологиялар паркінің ынтымақтастығы туралы келісіміге келдік.  Әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке қабілетті болу үшін алдымен аймақтық нарықта белсенді болу керек.  Сондықтан Түркітілдес елдердің стартаптарынан аймақтық экожүйе құру туралы бастама көтерілді. Түркі одағындағы елдер бізді қолдайды деген үміттемін. Цифрлық интеграциялау бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз: салық, кеден және тағы басқа салалар бойынша, - деді ол.

BAQ.KZ. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале