Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған 39 науқас ауыр халде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, соның ішінде екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Облыс стационарларында барлығы 307 науқас ем алуда. Соның 144-і модульдік стационарда, 84-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 28-і облыстық көпбейінді ауруханада, қалғандары аудандарда ем қабылдауда. Стационарлар 29 пайызға толған.
Сонымен қатар 1028 адам амбулаториялық емделуде. Басқарма мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 28 117 адам індет жұқтырса, соның 19 441-і – ауру белгісі бар науқастар. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 20,5 пайызға төмендеді. Соңғы тәулікте 54 науқас тіркелсе, 143-і жазылып шықты. Жыл басынан бері балалардың коронавирус жұқтыруы жиілеп отыр. Күні бүгінге дейін 2580 баланың 2475-і жазылып шықты. 105-і ем алуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавируспен күрес шараларына тартылған медқызметкерлергі 5,7 млрд теңге үстемеақы төленгенін жазған болатынбыз.