Облыстық филармонияның камералық залында қазақ музыка өнерінің мәңгілік мұрасына айналған ұлы тұлғалар – Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің 120 жылдық мерейтойы аясында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің қатысуымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Жалғасбек Бегендіковтың «МУЗЫКАНЫҢ ҮШ БӘЙТЕРЕГІ» атты концерті өтті.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі Бас дирижері — Жарас Сатыбалдиев.
Концертте ұлы композиторлардың шығармалары орындалып, филармония әртістері қазақ музыкасының сан қырлы болмысын, терең тынысын және қайталанбас сұлулығын паш етті.

Кеш барысында «Абай» сюитасы, «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» операларынан үзінділер мен қазақ музыкасының алтын қорына енген таңдаулы шығармалар орындалып, тыңдарманды ұлттық өнердің тағылымды әлеміне жетеледі. Әр шығармада халқымыздың рухы, тарихы мен тағдыры, сырлы сезімі мен асқақ арманы әуен тілімен өрнектелді.
Сонымен қатар филармонияның жеке орындаушыларының әсем үні мен шынайы орындаушылық шеберлігі кештің мазмұнын байыта түсті.

Ұлы композиторлардың мәңгілік мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақ өнерінің көгінде мәңгілік шырқай бермек.