29.09.2021, 19:14
Оқылды: 111

Ел игілігі үшін еңбек еткен ер

Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиев 80 жасқа толды. Соған орай бүгін облыстық мәслихатта мерекелік шара ұйымдастырылып, ақсақалға құрмет көрсетілді. Өңір экономикасының дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен елшілік қызметтегі жетістігі туралы естеліктер айтылды. Басқосуға үзеңгілес замандастары мен қызметтес әріптестері, зиялы қауым өкілдері қатысты. 74E84A6A-9284-4C85-810A-4483291F52B7

Ақ Жайық жұрты Нәжімеден Ықсанұлын өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі зор білікті басшы ретінде жақсы таниды. Ол Батыс Қазақстан облысын 1986-1993 жылдары басқарған. Аумалы-төкпелі сол шақта кеңестік тоталитарлық жүйе құлап, орнына егемен елдік, яғни нарықтық экономика қалыптаса бастап еді. Қоғам да, билік те абдырап, «тұрымтай тұсына, бозторғай басына» деген заман туғанда ол батысқазақстандықтарды жұмылған жұдырықтай береке-бірлікте ұстады. Облыс экономикасын дамыту үшін өңіраралық, сондай-ақ Ресейдің көршілес Саратов, Орынбор, Самара, Волгаград, Астрахань облыстарымен сауда-экономикалық байланыстар орнатты. Сол кезде басталған, яғни 1990 жылдары алыс-жақын шетелдермен орнатылған байланыстар әлі жалғасын тауып келеді. Кешегі аласапыран кезден-ақ саясатты таразылап, келешекті бағдарлай білген Нәжімеден Ықсанұлы қай қызметте де артылған үмітті ақтады. Кейін Көкшетау облысының әкімі болды. Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы және Украинадағы елшісі, ТМД елдері атқару комитетіндегі Қазақстанның уәкілі қызметтерін де абыройлы атқарды.

A45D3AF2-4AEC-4A3A-ADE3-EA570EBD6EA9

-Бүгін елге есімі елеулі тұлға, қоғам қайраткері, дипломат, ардақты ақсақал Нәжімеден Ықсанұлы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Нәжімеден Ықсанұлы, сізді облыстық мәслихат депутаттары атынан 80 жасыңызбен құттықтаймын. Сіздің еңбек жолыңызға үңілер болсақ, Ақ Жайық өңірінің өркендеп-дамуына, облыс аумағында тұратын ұлттардың татулығы мен бірлігін сақтауда қосқан еңбегіңіз ұшан-теңіз. Сіз болашағын болжаған басшы ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажына ұдайы көңіл бөлдіңіз. Кадр іріктеуде, маман тәрбиелеуде көрегенділік таныта білдіңіз. Сіз бүгінде көпті көрген, көкірегі толған шежіре, тағылымы мол, сыйлы ақсақалдарымыздың біріне айналдыңыз. Нәжімеден Ықсанұлы сізге зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, ұзақ ғұмыр тілейміз,- деді жиынның ашылу салтанатында сөз алған «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев.

FAB9E9C7-9E8B-4678-A28A-4670FF12493F

Ал облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мерейтой иесінің кісілік келбеті мен асқақ абырой төңірегінде сөз қозғады. Кеңестік жүйе құлдырап, нарықтық қатынастар орнай бастаған кездегі ел экономикасын дамытуға қосқан елеулі еңбегін атады.

4A060D15-5655-4D28-889A-765A812800AA

-Кез келген адам үшін өмірдің мағынасы артынан сүбелі сөз, іргелі іс қалдырумен құнды. Елдің ықыласын сатып алу мүмкін емес. Ал Нәжімеден Ықсанұлы өмірде жолы болған, бағы жанған жан деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде ақыл айтқыштар көп. Бірақ «ауыздығымен алысып жүрген» сол жандар сіз жүріп өткен аумалы-төкпелі сол шақта «ел басқар» десең, аптықтарын басатыны ақиқат. Өйткені сіз екі дәуір түйіскен уақытта, яғни Кеңестік жүйе құлдырап, нарықтық қатынастар есігімізден сығалай бастаған өте қиын, артық айтқаным болмас, өліара шақта облыс басқардыңыз. Оған дейін естімеген қайта құру, демократия деген ұрандар желдей есіп жатты. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, саяси сауаты, әлеуметтік көзқарасы әлі қалыптаспаған жұртты жікке бөліп, арандатушылар біздің арамыздан да табылды. Осы тұста қоғамдағы ауызбіршілікті сақтап, қан төгісті болдырмау үшін тер төктіңіз. Сіз жауласқанды достастырып, тірескенді татуластырдыңыз. Мерейтой иесінің бойындағы осындай бітімгершілікке бейім қасиетін еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да ерекше бағалады. Нәжімеден Ықсанұлы Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарын басқарғаннан кейін Елбасы жарлығымен бірқатар шет мемлекеттерде төтенше және уәкілетті елші болып қызмет етті. Қазақстанның Өзбекстандағы, Тәжікстандағы, Молдавия және Белоруссиядағы елшісі болды. Сіз халық жадында тұрғындарға қамқор, жанашыр азамат ретінде сақталдыңыз. Соған бір дәлел келтіре кетсем. Жаңақала ауданындағы су арналарының бірі күні бүгінге дейін халық аузында «Нәжімеден каналы» деп аталады. «Елдің атын ер шығарар»,- деген осы,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

854ED953-189C-44A5-9C18-31FACEF7C8E6

Сондай-ақ Бақытжан Хаберұлы мерейтой иесіне шапан жауып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын оқыды. Құттықтау хат жолдағандардың арасында мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшілігі Асқар Тәжібаев, Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы елшісі Болат Иманбаев бар.

9CEC4261-8EB2-4FDA-AFD5-9CFF951701E3

Басқосуда мерейтой иесінің үзеңгілес әріптестері естеліктерімен бөлісіп, ақ жарма тілектерін жеткізді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 Мақаланың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің №79 санынан оқи аласыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале