Қазақ қашанда қарттарын қазынаға теңеген. Ал қазанның алғашқы күнінде жылдағы дәстүр бойынша Қарттар күні атап өтіледі.
Сырым ауданы Тасқұдық ауылдық мәдениет үйінде "Қарттарым аман-сау жүрші" атты концерттік шара өтті. Шарада округ әкімі Рашид Баиров құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың қариялары мен ақ жаулықты аналарына ыстық лебізін білдірді. Сөз соңында ағымдағы жылы зейнеттік жасқа жеткен, мерейлі 60-70 жас мерейтой иелеріне құттықтау грамоталарын табыстады.
Сонымен қатар шара барысында "Вакцина ал да - сыйлық ұтып ал" ұтыс ойыны өткізілді. Ұтыс ойыны Тасқұдық ауылдық медициналық пунктінен немесе Сырым аудандық орталық ауруханасынан екпе алған ауыл тұрғындары арасында ойнатылды. "Бақ шаба ма, бап шаба ма" демекші, бұл ұтыс ойынында бағы жанған ауыл тұрғындары бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мерекелік шара карантин талаптарына сай, Тасқұдық негізгі мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің асханасында округ әкімі аппаратының, Тасқұдық мәдениет үйінің, мектеп ұжымының және "Қарабура", "Бейбарыс" шаруа қожалықтарының, "Ізбасова" жеке кәсіпкерінің демеушілігімен ұйымдастырылған мерекелік дастарханға ұласты.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz