Жуырда Дариян ауылдық және балалар модельді ауылдық кітапхана қызметкерлерінің ұйытқы болуымен М.Шолохов атындағы мұражайда жерлесіміз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мүсінші Юрий Баймұқашевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Жайықтың өнер жұлдызы» атты тақырыптық кеш өтті.
Шараға мүсіншінің ұлы Дмитрий Баймұқашов және Абай атындағы мектеп - гимназия-интернатының және Дарьинск мектебінің оқушылары, мұражай қызметкерлері қатысты.
Шараны ашып жүргізген ауылдық кітапхана меңгерушісі Шолпан Сұлтанғалиева мен кітапханашы Марзия Қонысбаева Дариян ауылының дамуына өз үлесін қосқан біртуар тұлға жайында ойымен бөлісті.
Юрий Бамұқашев 1941 жылы Дариян ауылында дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті аяқтағаннан соң Самара қаласындағы көркем сурет училищесіне оқуға түсіп, 1964 жылы скульптор мамандығы бойынша тәмамдайды. Бірден әскер қатарына шақырылған ол Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Ростов қаласындағы суретшілер қорында скульптор болып қызмет атқарады.
Сол кезден бастап, еңбегі еленіп, жасаған мүсіндері көрмелерге шығып, түрлі байқауларғы қатыса бастайды. 1970- 1971 жылдары туған жеріне келіп, Орал қаласының дамуына үлес қосады. Темір Масиннің, Мұхит Мералыұлының мүсіндерін жасайды. Ақын Жұбан Молдағалиевтің рухына арнап, өскен ауылына барып, мүсін орнатады. Абай мүсінін қояды. Оралдың көрікті, әсем қала болуына өзіндік ізін қалдырған жерлестерінің өмірі туралы ақпаратты оқушылар ұйып тығдады.
-Дарьинск ауылының қойнауы қатпарлы тарихқа бай жер. Әкемнің рухына арналған кештің қонағы болғаныма қуаныштымын. Тек ауылының ғана емес,өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан әкемнің 80 жылдығын елеусіз қалдырмаған жандарға алғысым шексіз. Бұндай шара біз үшін үлкен қуаныш. Әкемнің өлшеусіз еңбегі еленді. Ол кісі еңбекқор, адал, әділ адам еді. Оның есімі біздің мәңгі жадымызда. Қажырлы еңбектің арқасында амандықта, саулықта жүріңіздер. Тәуелсіздіктің талбесігінде тербеліп, еліміз мәңгі жасасын,- деді жиында сөз алған мүсіншінің ұлы Дмитрий Баймұқашев.
Кейін оқушылар кеш қонағына қойылған сауалдарын жолдады оған Дмитрий Юрийұлы тұшымды жауап беріп, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Шара соңында сөз алған аудандық ОКЖ басшысының орынбасары Мақсот Каюбов кештің құрметті қонағы болған Дмитрий Баймұқашевқа ризашылығын білдірсе, кітапханашы Динара Ғизатова «Мүсін - ең ежелгі өнердің бірі» атты тақырыпта жасақталған кітап көрмесіне шолу жасады.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz