Жуырда Жалпақтал ауылында орналасқан №2 Казталов аудандық ауруханасына дәрігер келді. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін жалпы тәжірибе дәрігері мамандығы бойынша биыл бітірген Наргиза Табылдиева аурухана ұжымына таныстырылды.
Наргиза Гафурқызы 1997 жылы Ақжайық ауданының Чапаев ауылында дүниеге келген. Чапаев орта мектебінің 2014 жылғы түлегі. 2014-2021 жылдары Ақтөбе қаласындағы жоғары медициналық оқу орнында білім алған. Ол – медицина мамандығы бойынша жоғары білікті маман ғана емес, өнерлі жан. Медициналық университеттегі студенттік хордың мүшесі ретінде республикалық, халықаралық байқауларға қатысқан. «Қазақ мед» медицина орталығынан балалар массажисі мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, арнайы сертификат иеленген. Ұжымға келе сала, әріптестермен тіл табысып кетті. Болашақта мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында конкурсқа қатысып, аудан орталығынан тұрғын үй алмақшы. Наргиза Гафурқызының алғашқы еңбек жолына сәттілік тілейміз. Тұрғындарға емі – шипалы, сөзі дәру болсын.
Казталов аудандық №2 ауруханасына жоғары білімді акушер-гинеколог, хирург, отоларинголог, анестезиолог-реаниматолог, психиатр-нарколог мамандары ауадай қажет. Аурухана ұжымы мен ауылымызды таңдап келген жас маманды құшақ жая қарсылаймыз.
Надежда Васильева,
№2 Казталов аудандық ауруханасының директоры