Казталов ауданында Тәуелсіздік жылдары екі мектеп, үш мектепке дейінгі ұйым, саз мектебі және 100 орындық мектеп жанындағы интернат салынса, 19 орта мектеп, бір балабақша және бір мектеп жанындағы интернат күрделі жөндеуден өткен.
-Ауданның білім беру жүйесінде 35 мектеп, 12 мектеп жанындағы интернат, 1 түзету кабинеті, 39 мектепке дейінгі ұйым және 4 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін орта білім беру ұйымдарының желісі лицейлермен, гимназиялармен толықты. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің үлесі 39,7%-дан 48,2%-ға өсті. Білім беру жүйесіндегі оң реформалардың нәтижесінде соңғы бес жылда білім сапасы 61%-дан 67,5%-ға артты. Биылғы жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен Жалпақтал ауылында Ғ.Молдашев атындағы мектеп және облыстық бюджет есебінен Талдықұдық ауылында С.Есетов атындағы мектепкүрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар былтырғы жылы аудан орталығында 600 орындық мектеп құрылысы басталып, алдағы жылы аяқтау жоспарланса, Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл мектептер пайдалануға беріліп, ауданда апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы шешілетін болады, -деді брифингте Казталов ауданының әкімі А.Есалиев.
Спикердің мәлімдеуінше, Тәуелсіздік жылдары ауданда бір аурухана, екі дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлі-акушерлік пункт және төрт медициналық пунктер салынса, 28 денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізілген. Өткен жылы ауданға жылжымалы медициналық кешен беріліп, тұрғындардың денсаулығын анықтауға қажетті барлық қондырғылармен жабдықталған.
-2017 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жария етті. Ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар 2009 жылдан бастау алады. Бағдарламаның орындалуы бойынша төрт жыл бойы ауданымыз облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп түлектері мен жомарт жандардың демеушілігімен 2009-2017 жылдары жалпы құны 150 млн. теңге болатын 63 жоба іске асырылса, бағдарлама қабылданғаннан бері 2017-2021 жылдар аралығында 301 млн. теңге қаражатқа 160 жоба жүзеге асты. Атап айтатын болсақ төрт фельдшерлік-акушерлік пункт, үш шағын арбат, бір бастауыш мектеп, бір шағын орталық, бір ауылдық клуб, алты демалыс орыны, сегіз мектеп жанынан өлкетану музейлері ашылып, халық игілігіне табысталды. Тәуелсіздік деген қастерлі ұғымға ауданымыздағы атқарылған рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстар ел мерейін одан әрі асқақтата түсері сөзсіз,-деді аудан әкімі Альберт Есалиев.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz