6.10.2021, 14:31
Оқылды: 37

Карантин қайта күшеюі мүмкін

   Өңіріміз эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, «сары» аймақта. Десе де қауіп сейілер емес. Облысымызға көршілес орналасқан Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград облыстарында коронавирустың жаңа штамы анықталуда. Мемлекеттік шекара арқылы облыс аумағынан тәулігіне 1000-1500 жолаушының өтетінін ескерсек, өңірімізде карантин шаралары қайтадан күшеюі мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

CB739BC3-EC7B-4941-B08E-D783210284A3

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәліметінше, Ресей Федерациясында соңғы 10 күнде эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлаған. Індеттен қайтыс болғандардың да саны күн санап артуда. Соған орай мемлекеттік шекарада орналасқан блокбекеттердегі эпидемиологтар жағдайды қатаң бақылауға алған. 1 қазаннан бері облыста КВИ-ге 217 адам шалдыққан. Ал оқу жылы басталғалы індетті 532 оқушы жұқтырыпты. Оның 255-і стационарда емделген. Бүгінде алты бүлдіршін стационарда ем алуда. Сондай-ақ бірінші қыркүйектен бері 94 мұғалім коронавирусқа шалдыққан. Соған орай 26 мектептің 31 сыныбы және балабақшалардың төрт тобы карантинге жабылған. Білім беру саласы қызметкерлерінің дені вакцина алған. Айта кетсек, 16480 мұғалім  екпенің бірінші құрамымен, 24922-сі екі құрамымен де егілген. Облыста КВИ-ге қарсы 66 егу пункті жұмыс жасайды.

D994C8E6-F6C8-4F7C-BD98-BE2E095BEA2A

– Мемлекеттік шекарада эпидемиолог мамандар жолаушылар мен көлік жүргізушілерін тәулік бойы тексеруде. Қазан айында облыс аумағындағы шекаралар арқылы 105 жолаушы өтті. Сондай-ақ халықаралық екі жақты жүк тасымалымен айналысатын 330 көліктің жүргізушісі шекарадан ПТР тест тапсырғаннан кейін жіберілді. Бірінші қазаннан бері «Ashyq» қосымшасы арқылы санитарлық-карантиндік талаптарды бұзудың 12 дерегі анықталды. Оның 10-ында «қызыл», екеуінде «сары» мәртебе болды. Оларға карантин талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынды. Жалпы 10 маусымнан бері «қызыл» мәртебе бола тұра, көпшілік орындарға барған 136 тұрғынға 5 921 510 теңге көлемінде айыппұл салынды,- деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, «Жедел жәрдем» қызметінің «103» желісіне соңғы аптада 6151 шақырту түскен. Оның 159-ы  бойынша КВИ жұқтырған науқас ауруханаға жатқызылыпты. Ал соңғы тәулікте 830 шақырту түссе, 26 науқастың індет жұқтырғаны анықталып, олар стационарға жатқызылған. Облыс бойынша «COVID - 19» дертін «жамап», денсаулық жағдайы күрт нашарлаған 37 науқас реанимацияда ем қабылдауда.

   – Күн суытқалы өңірімізде тұмауға шалдыққан науқастардың да саны артты. Соған орай 15 қыркүйектен бері тұрғындарға тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы вакцина салына бастады. Жергілікті бюджет есебінен  68 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Оған 66 млн 731 мың теңге жұмсалды. Тұмауға қарсы вакцина тұмаудың алдын алуға және ауыр асқынулар мен тіпті өлім қаупін азайтуға септігін тигізеді. Күні бүгінге дейін «Гриппол+» вакцинасымен 16178 адам егілді,- деді Арман Талғатұлы.

     Сондай-ақ жедел штаб отырысында «Ashyq» мобильдік  қосымшасы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Облыста 3849 нысан аталмыш қосымша бойынша келушілерді қабылдауда.

   – Өңірімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда күзде аурушаңдық деңгейі қайта өсуі мүмкін. Өзлдеріңізге мәлім, Ресей Федерациясында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күрт артуда. Облыс аумағындағы мемлекеттік шекарадан тәулігіне 1000-1500 жолаушы өтетінін ескерсек, індеттің жаңа «толқынынан» сақтануымыз керек. Өңірімізде күніне 25-30 адам коронавирус жұқтыруда. Қазір мейрамхана, ойын-сауық нысандары шектеу талаптарын ескере отырып, жұмыс істеуде. Десе де кей азаматтар «бұрынғыдай той-думан өткізуге болады» деп жайбарақат, қамсыз жүр. Егер тұрғындар санитарлық-карантин талаптарын сақтамаса, қайтадан шектеу шаралары қолға алынады,- деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале