Журналистік сала қиын да қызықты, әрі жауапкершілігі мол мамандық. Ал осы салаға өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған Энгельс Шыңғалиды журналистік қызметтің нағыз шебері дер едік.
...Энгельс Шыңғали қолына әп дегенде қалам ұстап, кәсіби журналист бола қойған жоқ. Ол балалық бал дәуренін басынан өткізді, мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындады.
Иә, балалық бал дәуренін өткізіп, білім нәрімен сусындады деп айту ауызға ғана жеңіл нәрсе. Нақтысын айтар болсақ Энгельс ағаның жастық шағы өмірдің ащы да қатты күндеріне толы болды.
41-ші жылы дүниеге келген Энгельс Шыңғалидың әкесі Жүсіп сұрапыл соғыстың ортасында жүріп ерлікпен қаза тапты.
Елде қалған жауынгердің жесірі бауырындағы қос ұлын мәпелеп өсіріп, білім алуларына, мамандық иесі атануларына аналық сезімімен қамқоршы бола білді. Әттең, 1958 жылы Жымпиты орта мектебін өте жақсы бітірген Энгельс аға қаржыдан тапшылық көргендіктен жоғары оқу орнына құжат тапсыруға мүмкіндік болмағандықтан Жымпитыдағы мекемелерде түрлі жұмыстар атқарды.
Қаламының желі бар, әдебиетке әуестігі басым жас жігіт ҚазМУ-дың журналистика факультетінен білім алуды басты парызы санады.
Кезінде Энгельс Жүсіпұлымен әріптес болған қызметтестерінің айтуынша кейіпкеріміздің ҚазМУ-дың қабырғасында білім алып, қолына күректей дипломын алудың өзі қамалды бұзғандай болыпты. Ауылда жұмыс жасап, еңбек өтілімен екі жыл қатарынан қалаған оқу орнына барып, тиісті емтихандарды тапсырудан жоғары баға алса да жолы болмаған Энгельс Шыңғалидың 1965 жылы әскери борышын өтеп оралған соң ғана ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға жолы ашылды.
Аталмыш оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, «журналист» деген дырдай атағы бар Энгельс Шыңғалиды жерлестері қуана қарсы алды. Жымпиты топырағына табаны тиген жас журналист Энгельс Жүсіпұлы ескінің көзіндей жүрекке жылы тиетін «Қызыл ту» газетінің редакциясында Уәли Сұлтанов, Құзыр Мұратов, Оңғарбай Бисенғалиев, Ғафур Құсайынов сияқты ағаларымен қызметтес болғанның өзін ертеңгі өмір жолына ашылған сара жол, журналистік соқпақтың тарауын табуға арналған оңды қадам ретінде бағалайды.
Жылдар жылжыған сайын Шыңғалидың Энгельсінің журналистік саладағы өрлеуі, өсуі тайға таңба басқандай айшықтала түсті.
Соның ең бастыларын айтар болсақ 1972 жылы қазіргі Тасқала аудандық (бұрынғы Камен ауданы) «Екпін» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқаруы, Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген соң сол кездегі Камен аупарткомында жауапты қызметте болуы Энгельс ағаның өз ісіне деген біліктілігін, жауапкершілігін танытса керек.
Немесе, Энгельс Жүсіпұлының 1987-2002 жылдары Сырым аудандық «Қызыл ту», «Қайнар» (қазіргі «Сырым елі») газетінде редактор, одан соңғы жылдары отбасылық жағдаймен Орал қаласына қоныс аударғанда қалалық «Жайық үні», «Жайық ардагері», «Жайық арулары» салалық газеттерінде қалам тербеуінің өзі нағыз кәсіби журналист, қарымды қалам иесі екендігін күллі жұртшылыққа дәлелдеп-ақ тастады.
Энгельс аға айтқандайын шағын ғана нәрседен көркем образ жасай білетін, әңгіме, фельетон, достық әзіл, өлең жазудың шебері десек асыра айтқандық емес.
Энгельс Шыңғали бүгінде Орал қаласында, үлкен де құтты шаңырақтың алтын діңгегі. Зайыбы Клара Абдоллақызымен ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырды. Шүкіршілік, Клара жеңгеймен немере, жиен қызығына кенеліп отырған бақытты ата мен әже. Жоғарыда айтып өткеніміздей қарымды қалам иесі, дарабоз журналист Энгельс Шыңғали «Жеті ата», «Тосыннан тосын саяхат», «Көңіл көкжиегі», «Барым саған атамекен», «Балдәурен» атты балаларға, күллі оқырман қауымға арнаған кітаптарымен де жақсы таныс.
«Қазақстанның Құрметті журналисті» атағының иегері, бірнеше медаль, Құрмет грамоталармен марапатталған Энгельс Шыңғали бүгінде 80 жастың тізгінін де қолына ұстап отыр.
80 жастың төріне шығып отырған Энгельс аға кейінгі буын ізбасар іні-қарындастары үшін әлі де жас жігіттей шымыр көрінеді. Қызметтес болған кейінгі толқын әріптестері Энгельс Жүсіпұлының қызметтен сәл қолы босай қалған сәтте шылымының түтінін жоғарыға қарай будақтата үрлеп,әзіл әңгімесін айта рахаттана бір күліп алатын сәттерін әлі күнге ұмытқан жоқ.
Журналистиканың тарланы, қаламын жанына серік еткен өзіміздің Энақаға 80 жас деген не тәйірі?!
Жасай беріңіз, жарқырай беріңіз Энгельс аға?
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суретте: жерлес ақын Қадыр Мырза Әлі және газеттің редакторы Энгельс Шыңғали (оң жақта) редакция ұжымымен кездесу сәтінде.
Сурет: архивтен алынды