5.03.2015, 9:27
Оқылды: 59

«Нұротандықтар» ЕЛБАСЫНЫҢ ШЕШІМІН ҚОЛДАЙДЫ

img_0284


Кеше  облыстық  мәслихаттың үлкен залында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының XVII  конференциясы болып өтті. Конференцияның жұмысына партияның аумақтық филиалдарынан сайланған делегаттар, облыстық, қалалық  мәслихаттардың депутаттары, партия активі, облыстық  басқармалар мен ұйымдардың басшылары, ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.


Конференцияда «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Облыстық партия ұйымы жұмысының негізгі бағыттары мен алда тұрған міндеттері туралы» баяндама жасады.

– Партияның барлық  жұмысы Елбасының мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға, қоғамда сенім мен бірлікті, тұрақтылықтың сақталуына негізделді. Оның барлығы «Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында көрініс тапқан құндылықтар мен принциптерге сәйкес келеді. Біздің басты жетістігіміз – Еліміздің  тәуелсіздігі, басты идеямыз – Қазақстанның гүлденуі, басты идеалымыз  -  Елбасымыз, - деді Нұрлан Асқарұлы.

– Партияның Саяси кеңесі ел үшін маңызы зор шешімдерді қабылдау алаңына айналды. 2014 жылдың 11 қараша күні өткен Саяси кеңестің отырысында Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев «Нұрлы  жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жария етті. Өткен жылдан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын  жақсартуды  көздеген партияның 12 жобасы жүзеге асты. Мысалы, «Біздің  ауыл», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», тағы басқа жобалар бойынша әлеуметтік топтармен ауқымды жұмыстар жүргізілді. Облыс бойынша ардагерлерге 250 ерікті бекітілсе, 40-тан астам балалар үйінің тәрбиеленушілері баспанамен қамтамасыз етілді, 100-ден астам ата-анаға  түрлі  көмектер көрсетілді. Жыл  басынан бері «Сәтті қадам», «STOP-қылмыс», «Жастар кадрлық  резерві»   жобаларына  1 мыңнан астам жастар тартылды. «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» жобасы аясында Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп,  шағын және орта бизнесті қолдау, отбасылық бизнесті алға бастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Партия филиалдары мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде 765 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасты, – деді баяндамашы одан әрі.

Партияның облыстық филиалының жетекшісі баяндамасының соңында батысқазақстандықтарды  еліміз үшін, оның әрбір азаматы үшін тарихи таңдау жасайтын  – 26 сәуірде  кезектен тыс өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында бір арнаға тоғысып, топтасуға шақырды.

Конференцияда үстіміздегі жылдың 11 наурызында болатын «Нұр Отан» партиясының XVI съезіне делегаттар сайланды.


Еламан ӘЙПІШЕВ,

«Орал өңірі»

Суретті  түсірген

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале