8.10.2021, 11:40
Оқылды: 66

«Қария жүрегім кәдімгідей риза»

Жұмыс сапарымен шыққан кезімізде ұзақ жолдың бойында ауылдар бар. Осы күнде сол ауылдарға жолыға кететініміз әдетке айналды. Ондағы мақсат аталмыш елді мекендердегі жағымды жаңалықтарды оқырманмен бөлісу еді.

951d4f42-1963-49b0-9295-330c9e075ef8

Шежін өзенінің жағалауында орналасқан, көркіне қарап көз тоймайтын Амангелді ауылына кіре бергенімізде сол ауылдың тұрғыны Мақсот Жасыбаев есімді қариямен жолығып қалған едік. Өзінен біраз жасты еңсергені байқалғанымен жүрісі ширақ, тың көрінді. Алдағы жылдың мамыр айында тоқсанның төріне шыққалы отырған қарияның айтар алғысы бар екен.

«Өзім негізінен Қосшы ауылының тумасымын. Ерсайын Төлеушов деген ағайын інім, кезінде Амангелді ауылына көшіріп әкелген еді. Содан бері осы ауылда шаруа жасап тұрақтап қалдық. Өзім 1932 жылы дүниеге келгенмін. Сексеннің тоғызын аяқтауға да көп уақыт қалған жоқ. Көп жылдар бойы малшы болып қызмет еттім. Жақында 1-қазан Халықаралық қарттар күніне орай, ауылымызда кереметтей мәдени шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға ауылдас ардагерлердің барлығы қатысып, көптен бері көрмей жүрген замандастарымызды көріп бір жасап қалдық. Ауылдық мәдениет үйінің өнерлі жастары да әндерін айтып, көңілімізді серпілтті. Осы орайда әкім қызыма (Саягүл Мәулетқызын айтып тұр) қариялық алғысымды білдіргім келеді. Бұндай мәдени шара бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін ұйымдастырмады деп айта алмаймын. Ұйымдастырды, бірақ кешегі өткен мәдени шараға мүлдем ұқсамайтын еді. Қария жүрегім кәдімгідей риза болды. Біз секілді ақсақалдарға көңіл бөлгеннен артық не керегі бар. Тек бір «әттеген-айым» қалып қойды сол дастарханда. Мәдени шара аяқталар кезінде «ауылдың үлкенісіз ғой» деп маған бата беруді ұсынған еді. Кәріліктің күші басым болдыма, күнде беріп жүрген батамды ұмытып қалдым, балам», - деген өкінішін жеткізді Мақсот қария.

Онда батаңызды беріңіз, жұртшылық берген батаңызды оқып «әумин» десін деген ниетімді білдірдім.

Түндерің тыныш болсын

Үйлерің ырысты болсын

Балдарың қуаныш әкелсін

Немерелерің жұбаныш әкелсін

Дастарханың мол болсын

Қатарларың көп болсын

Уайым-қайғы жоқ болсын

Елде бірлік болсын

Жасағандарың тірлік болсын

Еліміз тыныш, бастарың аман болсын, - деп бата берген қарияның жүзіне қуаныш үйірілді. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын бала күнімізден естіп өкен едік. Қарияның берген батасы қабыл болсын. Мақсот Жасыбаев Амангелді ауылындағы ардагерлердің жасы жағынан ең үлкені. Сөзі түзу, кейіңгі ұрпаққа дұрыс әңгімесін айта білетін қарияларымыз көп болғай. Талай заманды басынан өткізіп, өмірдің ыстығы мен суығына төзе білген ауыл ақсақалдарынан алар мұрамыз көп. «Қарты бар үй қазына» деп, бекер айтпаса керек-ті. Ауылдастарымен бірге ел үшін қызмет жасап жатқан жастарға баға беретін де сіздерсіздер, ақсақалдар. Сондықтан келместің кемесіне мінуге асықпағайсыздар....

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале