8.10.2021, 11:47
Оқылды: 22

«Шежіре» фольклорлық ансамблі концерт берді

Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығы мен мәдениет үйінің халықтық «Шежіре» фольклорлық ансамблі қайырымдылық айлығы аясында Переметный ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ол жерде ғұмыр кешіп жатқар қариялар мен кейуаналарға «Қарттарым ­- қазынам» атты концертін ұсынды.

IMG-20211007-WA0182

Ансамбль жиналғандарға халық әндерін әуелете шырқып, күмбірлеген күйден шашу шашты. Кеш барысында әнші-термеші Артур Сисенов «Маржан қыз», Кенесары Болғанбаев «Ақбұлақ» және «Оқжетпес», Альфия Исламова «Оралдың ерке самалы» әндерін ансамбль сүйемелдеуімен орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

Әдемі ән айтылып, күмбірлеген күй төгілген кеш барысында қызмет алушы Баян Идрисова қазақ вальсінің каролі Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін нақышына келтіріп орындап, кездесу сәнін кіргізді.

IMG-20211007-WA0132

Шара соңында қызмет алушылар ансамбль мүшелеріне шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

-Ансамбль арнаулы мекемеге жиі келіп концерт қояды. Бұндағы ата-әжелер біздің басты көрермендеріміз десе де болады. Тек соңғы жылдары карантин болып, келмей қалған едік. Енді індет қыспағынан арылып, ел іші саябырсаған шықта тағы келдік. Болашақта аудан ауылдарында шағын концерт ұсынсақ деген жоспарымыз бар,-дейді ансамбль жетекшісі Аслан Ғизатов.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале