Қаратөбе ауданындағы 22 елді мекеннің 13-і таза ауыз сумен қамтылған. Аудан тұрғындарының таза тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі 91,3%-ды құрайды. Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Жусандыой ауылы ішіне су жүйесін тарту жұмыстары аяқталған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатына Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев мәлімдеді.
-Аудан халқын сапалы ауыз сумен толықтау қамту біз үшін басты міндеттің бірі. Бүгінде төрт елді мекенге таза ауыз су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Аталған жобалар толықтай жүзе асқан күнде аудан халқының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 99,4%-ға жететін болады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2010 жылы аудан орталығы Қаратөбе ауылына және Шөптікөлге табиғи отын жеткізілді. Артынша Үшағаш, Сулыкөл, Соналы, Үшана, Төлен, Алакөл, Ақтайтас, Ханкөл, Қоскөл, Шалғын, Егіндікөл ауылдары көгілдір отынмен қамтылды. Сондай-ақ елді мекендердегі 93 әлеуметтік нысанның барлығы газдандырылды,-деді аудан әкімі.
Брифингке қатысқан аудан басшысы өңірдегі жол салу және жөндеу жұмыстарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламары аясында аудан орталығының 11 көшесін қамтитын 9,2 км жолды қайта жаңғырту жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар, ұзындығы 70 шақырым болатын Қаратөбе-Қоржын-Қарақамыс аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz