Осыдан 20 жыл бұрын Дариян мәдениет үйі жанынан «Ақ шағала» әжелер ансамблі және орыс, украин, белорус, татар және өзге ұлттардың халық шығармашылығы ұжымдары құрылды.
Аталмыш датаға және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Дариян ауылдық мәдениет үйі «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Оған ғасырлар тоғысында құрылған М. Сарбалақова жетекшілік ететін «Ақ шағала» әжелер ансамблі, Т. Жиганованың жетекшілігіндегі «Сударушка» орыс, Г. Гарбуз басқаратын «Сябры» белорус, «Червона руто» украин және Р.Самарцева жетекшілік ететін «Мариям» татар халық шығармашылығы ұжымдары қатысты.
40-тан астам ұлт пен ұлыстың басы біріккен Бәйтерек топырағы өзінің әр алуандығы және татулығымен көпшілікті баурайды. Қазіргі таңда Дариян мәдениет үйі халықтың бас қосатын, осы ұжымдардың қызметін ұйымдастыруға, бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралардың өтетін басты орнына айналды.
Түрі өзге болса да тілегі бір, тілі өзге болса да жүрегі бір аудан халқының бірлігін ұлықтап, елді татулыққа шақыраған кешті округ әкімі Т. Какенов, Бәйтерек ауданының мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі А. Намазова елмен бірге тамашалады.
-Елімізде құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы әлемде жоқ институт екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазақ елінің күші бірлігінде. Әрдайым бір-бірімізге деген қамқорлығымыздан айырылмай, татулығымызды нығайта берейік. Ел қамын жеп, бірлікті ту ететін халық шығармашылығы ұжымдарының мерекесі құтты болсын,-деді көпшілікті құттықтаған округ әкімі Т. Кәкенов.
Кейін ауданының мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі А. Намазова сөз алып, шығармашыл ұжымдарға Бәйтерек ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р. Ихласовтың алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Одан бөлек аталмыш ұжымдар құрылған шақта мәдениет үйін басқарған А. Огородников пен ауыл ақсақалы Ұ. Ғабдуллин жүрекжарды лебіздерін білдіріп, елге пайдасы тиер игі істердің бас қасында жүрген ұжымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Әр ұлттың салт-дәстүрі мен тағамдарынан мерекелік дастархан жайылған шара соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы