Сырым ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ардагерлер арасында асық ату, қол күресі және дойбыдан аудан біріншілігі өтті.
Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов әр округтен жиналған зейнеткерлерді өткен Қариялар күнімен құттықтап, бұқаралық спортты дамытудағы қосып жүрген үлестеріне алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Қорытынды бойынша, асық атудан ІІІ орынды С.Матылов, ІІ орынды Ә.Ғалымов, І орынды Ж.Игібаев иеленді.
Қол күресінен ептілік танытып 70 кг дейінгі салмақта ІІІ орынға С.Рахымжанов, ІІ орынға К.Жұбанғалиев, І орынға Т.Жұмағұлов лайық деп танылса, 70-80 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орын А.Орынбасаровқа, ІІ орын М.Қажығалиевке, І орын Қ.Таженовке бұйырды.
Дойбыдан ІІІ орынға С.Ғабдуллин, ІІ орынға Т.Есмұханов, І орынға А.Дабаров табан тіреді.
35 спортшы қатысқан додаға жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов демеушілік жасап, қолдау көрсеткендігін де айта кету керек.
Аудандық ардагерлер кеңесі мен "Қайсар" спорт клубы ұйымдастырған спартакиада жеңімпаздарына диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Айжан Бауыржанқызы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz