15.10.2021, 10:57
Оқылды: 46

Ардагерлер кеңесі Ғұмар елінде

Кеше аудандық ардагерлер кеңесінің бір топ мүшесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Борсы ауылдық округіндегі ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Ғұмар Қараш кесенесіне саяхаттап, оларға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев жолбасшы болды.

14

Саяхаттаушы топты ауыл іргесінен аталған ауылдық округтің әкімі Айгүл Бекқалиева мен мәдениет үйінің директоры Данабек Айтқалиев және ұлттық нақышта киінген қыздар қарсы алып, ақтан, үлпілдеген сары бауырсақтан ауыз тигізіп, әрі қарай жол бастады. Ауылдан он екі шақырым қашықта орналасқан ақшаңқан кесене шамалы жүргеннен кейін менмұндалап көзге түсті.

Келгеннен кейін жергілікті имам Сағадат Қаратаев пен аудан орталығынан барған аудандық мұсылмандар мешітінің наиб имамы Сұңғат Тасмұқанов осындағы жалпы қауымға және баба рухына арнап құран бағыштады. Осы арада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Ғұмар Қараштың басын қарайтуға қатысты сол кездегі өзінің көрген-білгенін, естелігін көпшілікпен бөлісті. Сөз орайында айта кетейік, Ғ.Қараш бейіті облыстағы жеті киелі және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілген. Баба кесенесі осыдан үш жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген болатын.

Осыдан соң саяхатшылар тобы осы ауылдағы Ғ.Қараш атындағы жалпы білім беретін орта мектепке ат басын бұрды. Білім ұясының алдына ғұлама Ғұмардың кеуде мүсіні орнатылған. Келушілерге мектептегі «Ел іші Ғұмарды ұмытпайды» атты ақынға арналған бұрыш таныстырылып, оқушылар ұлы ойшылдың өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Амангелді Мырзағалиұлы Ғ.Қараштың есімін қастерлеп, мақтанышпен алып жүрген мектеп ұжымына шынайы алғысын білдірді.

Әрі қарай қонақтар ауылдық мәдениет үйіне табан тіреді. Кіреберіс фойеде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кітап көрмесі жасақталыпты. Кездесуді мәдениет үйінің директоры Данабек Дайырғалиұлы ашты. Алғашқы болып сөз алған ауылдық округ әкімі Айгүл Қайырлықызы тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесіне қысқаша шолу жасай келіп: «Жерлес бабамыздың өнегелі өмірі мен шығармашылығын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында тындырылған істер аз емес. Алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстарымыз атқарыла береді. Өздеріңіздей аға буын өкілдерінің еңбек дәстүрінен жас ұрпақтың алар өнегесі мол. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы өз жалғасын таба беретін болады. Елді соңынан ілестірер өздеріңіздей ардагерлеріміз аман болсын, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, ұрпағымыз бақытты болсын», - деді. Одан кейін ардагер-ұстаз Тамара Бақытқызы сөз сөйлеп тәуелсіздік, оның бастауында тұрған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев туралы ой сабақтады.

Борсы ауылының тыныс-тіршілігін бейнелейтін слайд көпшілік назарына ұсынылды. Оқушылар Тәуелсіздік туралы жырдан шашу шашты. Дуэттің орындауында «Қазақстан» әні шырқалып, «Ұлама Ғұмар» өлеңі оқылды.

Соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев аға буын өкілдерін құшақ жая қарсы алған ауыл әкімі Айгүл Бекқалиева мен мәдениет үйінің директоры Данабек Айтқалиевқа, шынайы алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале