Жерлесіміз, күйші-композитор, тума талант, Қазақстан Республикасының халық әртісі, сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмеловтің туғанына биыл 70 жыл толып отыр. Тұяқберді Шәмеловтің өмірі туралы барлық жерде жазылып жүр. Десек те, дәулескер күйші-домбырашы, әдемі әуезді әндердің авторы, Қазақстанның халық әртісі, барлық саналы ғұмырын өнерге арнаған мәңгілік тұлға туралы кейінгі ұрпақтың жадында қала беруі үшін тағы да бір айтып кетсек, еш артық етпес.
Тұяқберді Қажыгерейұлы Шәмелов 1951 жылы 6 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Саралжын ауылында дүниеге келген. Әкесі домбыра, сырнай аспабында шебер ойнаған, өнерге жақын адам болған. Күйші әкесін көрместен анасының тәрбиесінде өседі. Төрт жасында ауылында атақты күйші болған Аманғали Иманмағзомұлынан домбыра тартуды еркін меңгеріп шығады. Кішкентайынан Құрманғазы, Дина, Мәмен секілді күйші бабаларымыздың күйлерін тыңдап өскен Тұяқбердінің маңдайына тағдыр күйші болуды жазса қажет.
1969 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматыға жол тартады. Алматы консерваториясында Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтың сыныбын үздік бітіріп шығады. Тумысынан зерек, өнерді шексіз сүйген күйші училищеде оқып жүрген кезінен-ақ Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің құрамында өнердегі еңбек жолын бастайды.
Ұлтымыздың ұлылығы мен даналығын құдіретті күймен күмбірлеткен, қазақтың киелі домбырасын 40 жылдан астам серік еткен Т.Шәмелов бар ғұмырын оркестрге арнап, қатардағы домбырашыдан жеке орындаушы деңгейіне көтеріледі, бас концертмейстер, өмірінің соңына дейін оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін қоса атқарады. Құрманғазы атындағы әйгілі академиялық ұлт-аспаптары оркестрі ұжымымен елдерді шарлап, қазақтың ұлттық музыка өнерінің мәртебесін жоғары ұстап, абыройын әлемге паш етті. Ол жеке орындаушы ретінде де Қазақстан өнер шеберлері құрамында Америка, Финляндия, Польша, Португалия, Италия, Ауғанстан, Франция, Қытай, Корея, Пәкістан, Германия, тағы басқа мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлтымыздың күй өнерін жоғары кәсіби деңгейде насихаттады.
Оның «Ауылым – аңсарым», «Нұрғиса ағаға сағыныш», «Асқарлы азамат», оркестр мен қобызға арнап жазған «Көктем көріністері», сондай-ақ «Домбыра», «Ауылымды сағындым», «Ауылым – әсем ән-сағым», «Тырналар», «Күндер-ай» және тағы да басқа көптеген әндері халық арасында кеңінен танымал. Сондай-ақ «Ақжелең», «Қали, Мәмен – күмбір күй» атты екі күйі тарихта қалды.
Тұяқберді Қажыгерейұлы республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, сан қырлы өнер иесі, Құрманғазы атындағы I республикалық конкурстың лауреаты. Үздік өнері үшін Белоруссия, Қазақстан, Өзбекстан республикалары Мәдениет министрліктерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, 1994 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, 2006 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тұяқберді ағамыздың кіндік қаны Орда топырағында тамса, сүйегі Жаңақала елінде жерленді. Мәңгілік мекеніне ақ шаңқан мазар тұрғызылды.
Ж.Тұрсынғалиева, Жаңақала аудандық Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің экскурсоводы