18.10.2021, 10:59
Оқылды: 97

Ақжайықта айтыс өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жыр болып төгілген «Жайық таңы» газетінің 90 жылдығына арналып, өткен бейсенбіде «Жайық таңы – жыр таңы» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
IMG_6809

Жұртымен бірге қуанып, бірге қиналған, ортақ шаңырағымыздағы татулық пен келісімді нығайтып, берекеге бастаған бұқаралық ақпарат құралының мерейтойы, әрине, елдің тойы, елдіктің мерекесі. Сонау 1931 жылдың күзінде алғашқы саны жарық көрген «Жайық таңының» 85 жылдығы осыны тайға таңба басқандай көрсетті. Айтулы шараға «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Табылғали Сапаров, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, «Приуралье» газетінің бас редакторы Тоқтар Кенжеғалиев, журналистика ардагерлері, ауданға еңбегі сіңген азамат-азаматшалар, ауыл-аймақтан қоғамдық тілшілер келді. Алдымен мерейтой меймандары ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қойды. Осы жерде жас өнерпаз Арман Шынғали Ж.Молдағалиевтің «Анкетама» қосымша өлеңін оқыды. Жиналған қауым ақынның есімін иеленген орталықты аралады. Аудандық кітапханада өткен «Газет – өмір айнасы» тақырыбындағы басқосуда аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақжайықтықтардың жансерігі болып келе жатқан «Жайық таңының» маңызы жайында айта келіп, газетте жұмыс істеген ел ардақтыларын да еске алды.

– Газет туралы сөз болса, әрине, редакция мен баспахананың барлық ыстық-суығын көтерген аға ұрпақтың есімін еске аламыз. Жылдар жүзіндегі редакторлар Хамит Әбілов, Қабес Зекенов, Хамит Маданов, Амангелді Мақымов, Садық Саргелеков, Рафхат Галимуллиндердің еңбек жолы  аңыз. Бір өкініштісі, бізге Ұлы Жеңісті сыйға тартқан аға ұрпақтың қатарындағы Рафхат Ғалимуллин ағамыз осы күнге жете алмай, 100-ге қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Газеттегі қызметкерлер де небір мықтылар еді. Қалау Маймурин, Лұқпан Елеуов, Таңат Рүстемов, Тілес Жазықбай, Борис Мырзағалиев, Болат Есқалиев сынды азаматтар – аудан газеті үшін аянбай тер төгіп, өз істерін жетік білген қаламы қарымды журналистер. Журналист қауым қоғамдағы үрдістер мен ел ахуалын нәзік түсінеді десек, оқырманға өте жақын болып есептелетін осындай қалам иелері, олардың озық үлгісінен тәлім алған бүгінгі ізбасарлары арзан сөзден аулақ болып, қазақтың қара сөзінің қадірін қашырмайды, – деді ол.

Одан әрі Қ.Ш.Айтмұхамбетов «Жайық таңы» газетінің тынысына шолу жасады. Жұртымен бірге жасап, елмен бірге есейіп, заманмен бірге түзелген басылым қашанда жоталы мәселелерді көтеріп келеді. Яғни, тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайту жолында ел-жұртты жұмылдырады, еселі еңбекке үндейді. Ақжайықтықтар әр сарғайған бетінде ауыл-елдің шежіресі сайрап жатқан өздерінің төл газетін ерекше құрметтейді. 90 жылдық белеске байланысты жиналғандарды, газет ұжымын құттықтап, журналистерге зор тілегін арнаған аудан басшысы «Жайық таңының» ұжымын алғыс хатпен марапаттап, ноутбук сыйға тартты.

– Бүгінде жергілікті басылымдарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Журналистер қауымының міндеті – заманауи технологиялар, жедел хабар жеткізетін әлеуметтік желілер басымдыққа ие кезеңде ақпарат көшінен қалмай, қоғамдық пікір қалыптастыруда көшбасшы тұғырдан көріну, – деп салмақтады тілшілердің жұмысын кездесуде сөз алған Т.С.Сапаров, – 90 жылдың ішінде аудан газеті жерлестерімен бірге қалыптасу, өркендеу жолы, қиын-қыстау жылдар мен қайта жаңғыру кезеңдерін бастан кешірді. Басылым аймақтың тыныс-тіршілігін, жаңалықтары мен жетістіктерін жүйелі жариялап, Ақжайықтың айнасы бола білді. Заманның жаршысы болу ұстанымынан танбаған редакция ұжымы бүгін де тәуелсіз еліміздің табысты жылдарының шежіресін тасқа бастырып, сөзбен айшықтап келеді. Журналистер «Елге не беремін?», «Елімнің болашағы үшін не істей аламын?» деп жұмыстанса, шынайы тәрбие құралына айналады. Ал тәлім-тәрбие беретін, елді біріктіре алар күшке ие осындай басылым аудандағы әрбір шаңыраққа жету керек. Осы үрдістен көрінуге жазсын!

Медиахолдинг басшысы редакция ұжымына алғысхаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті. Еңбек ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Меңзипа Жұматова егемендіктің алғашқы жылдарындағы газеттің де елмен бірге бастан кешкен қиындықтарын еске түсірді. Жоқты жонып, барды сақтаған редакция ұжымын аудан басшылары әрдайым қолдап келеді. Қаражат тапшы болса да, елді рухани азықтан тарықтырмауды, халықтың газеттен қол үзбеуін көздеген билік басындағылар басылымды әр ауылға жеткізді. Сол күндерде жалақысыз, жартықұрсақ жүрсе де, жұмысына адал болған журналистердің еңбегін айтқан ол газеттің ғасырлық тойында жүздесу нәсіп етуін тіледі. Сонау алыста қалған 30-жылдардың жаңа өмір құруға бет алуы, Ұлы Отан соғысының жаңғырығы, 60-шы жылдардағы тың игеру, егемендіктің елең-алаңы, осының бәрін тасқа басқан, тәуелсіздігіміз табалдырығындағы заман өзгеріп, қоғам өзгеріп жатқан шақтан бастап та қасиетті сөздің қадірін қашырмаған «Жайық таңының» елдігімізді шыңдаудағы орны зор. Газет редакторы Әлия Шарапиева осы орайда басылымның уақытқа үнқосуын әңгімеледі.

– Басылымның  тұңғыш саны «Ленинский путь» деген атпен 1931 жылдың 7 қыркүйегінен орыс тілінде 500 данамен шыға бастаған. Көпшілікке «Көтер басты!», «Сілкін!», «Ұмтыл білімге!» деп үн тастаған газет 1937 жылдан екі тілде – «Екпінді жол» және «Ленинский путь» болып шыға бастаған. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында «Ленинский путь» газеті айрықша рөл атқарды. Алғашқы күндерден-ақ ол өзінің бірінші бетінде «Екпінді еңбегімізбен Жеңіс сағатын жақындатайық!» деген ұран көтерді, тылдағы жанқияр еңбекке жұмылдырды, майданға аттанғандар жүрегіне жігер қосты. Соғыстан кейінгі «Екпінді жолдың» нөмірлерінде еңсесін тіктей бастаған еңбек ұжымдары, социалистік жарыс жеңімпаздарының жанды бейнесі орын алды. Бір кездері редакцияға аудан бойынша радиохабар тарату да міндеттелген. Жылдар белесінде газет атауы «Ленин жолы», «Еңбек-Труд», «Ақжайық», «Белес» болып өзгереді. 1988-1991 жылдар газет тарихында таралымы тұңғыш рет 6 мыңға жетіп, аудандық газеттер арасында 1989-1990 жылдары қатарынан екі мәрте полиграфиялық безендіру жөнінде республикалық конкурста ІІ орын алды, – деп газеттің өткеніне шолу жасаған редактор оның бүгіні мен алдағы  міндет-мақсаттарына да тоқталды.

Басылымға қырық жыл ғұмырын арнаған қарымды журналист Болат Есқалиев газеттің 60, 75, 80 және 85 жылдықтарында да осындай өнер мерекелері ұйымдастырылып, көптеген жас ақынға үлкен сахналарға жолдама бергенін айтты: «1991 жыл. Кеңес Одағының іргесі шетінеді. Ертеңгі күніміз қандай болары беймәлім, Сол кезде аудандық газетті Бақтығали Қоспаев басқаратын. Бәріміз кеңесіп, айтысты ұйымдастыруды қолға алдық. Әрине, кері тартып, бұл әрекетімізге «Заман мынау, осы сендердікі не ерігу?», «Ақындарды қайдан табасыңдар?» дегендер де болды. Сонда сахнаға қызыл тілдің қадірін құрметтеген 14 ақын көтеріліп, зал лық толды. «Жайық таңының» мерейтойларын айтыспен көркемдеу сол күндерден бастау алды». Облыстық қос газеттің бас редакторлары Б.Ғұбайдуллин мен Тоқтар Кенжеғалиев, «Бөрлі жаршысы» газетінің директор-редакторы Дариға Нұрашева, «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев, қоғамдық тілшілер, еңбек ардагерлері басылымды мерейтойымен құттықтап, сөз сөйледі. Осыдан соң ақын Сағынтай Бисенғалиевтың жүргізуімен ақындар айтысы өтті.

Бірден айта кетейік, сөз сайысында Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла бастап келген қазылар алқасы төрағалық етті. Жыр додасына жиналған жұрт алдымен газетте фотограф болып қызмет еткен марқұм Бауыржан Шаяхметов пен Медет Досымовтың аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде құрылған фотокөрмесімен танысты. Атап өтер ерекше тұс, суырып салма шешендік өнерінщде бақ сынаған 14 ақынның 9-ы өз ауданымыздан. Олардың арасында бұрыннан айтыс сахнасында танылған жерлестеріміз болса, сонымен бірге өнер әлеміне енді қанат қаққан Гүлзада Бақытова, Абзал Наурызғали сынды ақындар бар. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған айтысқа көрермендердің ықыласы ерек болды. Олар тапжылмастан ақындардың әр сөзі, шумағын, ұтымды әзілдерін, орынды ұсыныстарын ду қол шапалақпен қабыл алды. Алғашқы жұп – Санат Мұхамбетжанов (Базартөбе ауылы) пен Мақсат Тұяқтың (Сырым ауданы) сөз сайысынан басталған айтыста газеттің қоғамдағы маңызы, орыны туралы ой-толғам, жыр тасқыны жарқырады. С.Мұхамбетжанов: Өмір атты бәйгеде шаба берсін, Шаршамайтын арғымағың шапқылаған. Рауан болып ақ таңы ата берсін, Жайық таңы – жыр таңы жарқылдаған. Жайықтағы кеткенмен су сарқылып, «Жайық таңы», сен ғана сарқылмаған, - деген лебізі көпшілікті елең еткізді.

Төл газетке ақ тілекті залдағы ағайын барлық қатысушылардан да естіп, қошеметпен қол соқты. Абылайхан Мақсотов (Базартөбе ауылы) Орынбек Меңдіқұловпен (Жаңақала) өзара айтысында  «Ауылдың баласымын қой іздеген...» деп толғай келіп, ғаламдық үрдістер белең алған бүгінгі күнде қаймағы бұзылмаған ауылдың қадірін әспеттеді. Осы шарада кіл ақын жігіттердің арасындағы нәзік иықтылардан бір өзі тайпақтық Гүлзада Бақытова ерекше көзге түсті. Оның «Жайық таңы» газетінің тілшісі Әсет Бисенғалиевпен бірі аға, бірі қарындас болып әдемі әзілдесумен қатар, ортаға байыпты ой тастауларына көпшілік қошеметпен қызу қол соқты. Әсет газетке заманның артқан жүгін салмақтап, елдегі іргелі істерді ардақтады. Гүлзада болса, ағасының қағытпаларына тойтарыс бере отырып, қашанда қандайма қиындықтардан мойымаған алдыңғы толқынның батасына бөлену жасы кішілердің бір зор бақыты екенін айтқаны да, «...Жақсылықтың жаршысы бола білген, Газеттің кездесейік ғасырында» деп қоштасқаны да  көрермендердің көңілінен шықты.

Облыс, республикаға танымал айтыс ақындары Бекболат Қаленов (Ілбішін ауылы) пен Талғат Мықи (Орал қаласы) сыни сұрақ, ұтқыр жауаппен, сәтті теңеу, ұтымды ұйқастарымен көрінді. Бекболат тарихы терең бұл басылымға еңбек сіңірген ағалардың есімдерін жаңғыртты, тәуелсіздік жылдарындағы үлкен ауданымыздағы іргелі істерді сүйінішпен жырлады. Қос тойың қатар келген құтты болсын, Дәл бүгін мерекені ұғынар күн. Ақыны, батыры да үш жүзге аян, Ақжайық – мекенісің ұлылардың, – деп туған жерін ардақтаған Бекболаттың жыр сәлемі де көпшілікті дүр сілкіндірді. Әрине, пандемия тықсырып, ақындар сахнаға шықпай қалған екі жылдың әсері білінді. Қатысушылардың арасында құр ұйқасты сапырып, жеке бастың айналасынан шыға алмағандар болды. Мұндайға залдағы ағайын кешіріммен қарады. Ал «әттеген-айды» жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар жуып-шайып жіберді.

Осындай әдемі айтыс жерлестеріміз алмалылық Болат Өтешев пен қурайлысайлық Мейірман Шәкеновтың арасында орын алды. Әп дегенде арындатып, тасқындатып бастаған Мейірман ауылдардағы мәселелермен қатар рухани ілгерілеудегі серпілісті әңгімесіне арқау етсе, Болат көп сүйсінер игі жетістіктерді жырлады. Қадырқұлда мектеп жабылған соң, Ауылдар әлі талай сорлайды екен. Қадырқұл – ақындардың империясы, Әлі талай қанатын қомдайды екен, – деп Мейірман бір шумақтың өзімен-ақ бала азайған ауылдардағы мектептердің жабылып жатқанын, сол ауылдардың қатарындағы Қадырқұлдан бірнеше ақын шыққанын тілге тиек етті.

Ел тәуелсіздігі – бұл бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек алдындағы зор жауапкершілік. Егемендіктің отыз жылында ғасырға бергісіз белестерді артта қалдырып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Енді соны баянды етуде халқымыз әлбетте, бүгінгі буынға зор сенім жүктейді. Мұны сахнадан соңғы жылдары айтыстағы ерек табыстармен республикада танылып жүрген сырымдық Бауыржан Ширмеддинұлы тамаша жырлады. Жерлесіміз Айнабекпен жұп болған ол көпшілікті алаңдататын мәселелердің газет арқылы шешімін тапқанын тегеурінді жырға қосты.

Мысалы, ақпарат тасқындаған заманда газеттің маңызы бір мысқал де кемімегені мәлім. Бұл жастар тәрбиесіне ойсыраған олқылық әкелуде. Осыны Бауыржан «...Газет пен кітап оқып жүргенде, Жүрегіміз қағаздай жұмсақ еді» деп, бір қаперге салып өтті. Сондай-ақ жас та болса, азулы ақындармен тайталасқа түсуден жалтармаған қызылжарлық оқушы Абзал Наурызғали мен теректілік Әділ Ахметовтың арасындағы айтыстың да елең еткізер тұстары аз болған жоқ.

IMG_6972

Қазылар алқасының шешімімен М.Шәкенов пен Б.Ширмеддинұлы ақтық айтыста текетіресті. Сөз саптауда тегеурінділігімен танылып, залды дүр көтерген Б.Ширмединұлы Бас жүлдеге лайықты деп танылды. Ерекше шабытпен айтысып, көрермендің ықыласына бөленген М.Шәкенов І орын иегері атанды. ІІ орынды А.Бисенғалиев иеленсе, Т.Мықи ІІІ орынға табан тіреді. Сонымен бірге ақындарға газеттің 90 жылдық тарихында еңбегі елеулі журналистердің есімімен аталған қаржылай сертификаттар табыс етілді, осылайша ардақты азаматтардың өнегесі ұлықталды.

InShot_20211018_100450672

Атап айтсақ, Б.Қаленовқа Рафхат Ғалимуллин, Санат Мұхамбетжановқа Сағат Әбдуғалиев, М.Тұяққа Бақтығұл Ойшыбаев, О.Меңдіқұловқа Рамазан Ахметов, Г.Бақытоваға Есімғали Меңдіғалиев, Б.Өтешевке Хамит Әбілов, Ә.Бисенғалиевке Ақсан Құрманғалиев, Ә.Ахметовқа Қоңыр Әбдірахманов, А.Мақсотовқа Садық Саргелеков, А.Наурызғалиға Амангелді Мақымов атындағы жүлделер табысталды. Белгілі кәсіпкер, өнер жанашыры Мұхтар Сапарғалиев ең жас ақын Абзалға өзінің атынан қаржылай сый табыс етті. Газеттің 90 жылдығына арналған бұл шара қазақтың маңдайына біткен төл өнері – айтыстың бағы жанып, талант иесіне халық тәрбиелейтінін тағы бір мәрте айшықтады.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале