18.10.2021, 12:05
Оқылды: 48

Талдыбұлақтағы аламан бәйге

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Тұңғыш Президент  – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер», «Атқа міну мәдениеті» жобалары аясында Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылында далалық ойындар өтті.

1634533498667

Әр ауданнан жиналған шабандоздар тай, құнан, топ, аламан бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 21 шақырым болса, тайжарыста шабандоздар 6 шақырымға шапты.

- Пандемия кезінде көптеген дүбірлі додалар мен көз сүйсінетін бәйгелерден қол үзіп қалып едік. Бүгінде ауыл әкімімен кәсіпкерлерінің қолдауы, ұйымшылдығы арқасында ұйымдастырылып отырған бәйгеге келген қатысушыларға сәттілік тілейміз,-деді аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов.

1634533457769
Далалық ойындарға ат дүбірін естуге келгендердің қатары қалың болды. Оның үстіне жылқыға деген жылылық – әлімсақтан қанымызда бар қасиет. Ұлттық спортты қолдау да ел азаматтарының арасында кенже қалып қойған жоқ. Сондықтан ат бәйгесінің қызықты да тартысты өтетіні әу бастан белгілі жайт еді.
Жиналғандар әуелі алты шақырымдық тай бәйгесін тамашалады. Тапжылмай тұрды дей алмаймыз. Ат спортының көрермендері де тұлпарлар секілді бір орнында тыпыршып тұра алмай, қиқулаумен болды.
Алты шабандоз бақ сынаған, тай жарысында «Желқанат» өзгелерден озық келді, озып келді. Тұлпардың иесі – Батырғали Есқалиев.
Құнан бәйгеде «Бесқонақтың» бағы жанды. Бұл аттың да иесі Батырғали Есқалиев болатын. Топ бәйгеде  Давид Сахатовскийдің «Алаяғы» ерледі. Алаяқ 18 шақырымда өзге тұлпарлардың арасынан қара үзіп келді.

1634533429790
Елдің күткені осы еді. Осы дегеніміз – 21 шақырымдық аламан бәйге. Бұл бәсекеде тайпақтық Армат Аббасов баптайтын «Нұрторының» шабысына көпшілік тәнті болды. Оқ бойы оза шапқан Нұрторының иесіне 150 000 теңге мен жабағы берілді. Ұлттық спортты ұлықтап, мерейі үстем болған жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтарға, жабағы мен ат әбзелдеріне ие болды.
Одан бөлек, қол күресінде Жарас Ахмади ептілік танытып, жеңімпаз атанса, қазақ күресінен өлеңтілік Нұрсұлтан Мырзахмет «Өгіз палуан», талдыбұлақтық Теміржан Көлбай «Түйе палуан» атағын жеңіп алды.
Дала ойындарының жеңімпаздарына ауылдың атқамінер азаматтары да қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале