Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылында елді, әсіресе жастарды үлкен қуанышқа бөлеген оқиға орын алды. Ол – ауыл ішінен көпбейінді спорт алаңының салынуы. Мемлекеттік "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша салынған алаң әп дегеннен ауыл балаларының сүйікті орнына айналып үлгерді.
Осыған орай ауыл жастары мен жергілікті әкімдік бірлесіп, шағын футбол турнирін ұйымдастырды. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырған аяқдоп жарысынына аудан орталығы мен округтерден және Бәйтерек ауданынан 12 команда қатысты.
Ел қуанышы мен тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылған футболшылар бәсекесі қызыққа толы болды. Доданың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұхамбетжанова спортшыларға сәттілік тілеп, бағы мен бабы келіскен шын жүйрік жеңіске жетсін, жаңа алаң ауыл игілігіне жарасын деген тілегін білдірді.
Көпшілікті қызыққа бөлеген футбол додасының қорытындысында үшінші орын Ақбұлақ округінің командасына, екінші орын Шыңғырлау ауылының "Арена" командасына бұйырса, жаңа алаңның алғашқы бәсекесінің бас жүлдесін тағы бір шыңғырлаулық ұжым "Намыс" командасы қанжығалады.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар үздік ойын көрсетіп, командасын алға сүйреген ойыншыларға да бәйге берді. Алмаз командасының жартылай финалға дейін жетуіне күш салған Жандос Мақсот "Үздік қорғаушы"," Арена" командасының ойыншысы Теміржан Тасқалиев "Үздік шабуылшы" атанса, ақбұлақтық Кенжетай Нух жарыстың "Үздік ойыншысы" атанды
Самғат Жантөринов,
Шыңғырлау ауданы,
Алмаз ауылы