20.10.2021, 18:55
Оқылды: 167

Бөрлілік жас әкіммен сұхбат 

Ауыл әкімдерін сайлап алдық. Халық  қалап алған азаматтар бұл күнде ауылдың бітпейтін шаруасына кірісіп-ақ кеткен. Жол жөндеу, су жүргізу, сүйреп жүрген ауыл әкімдері. Сондай әкімдердің бірі, Бөрлі ауданындағы Бөрлі ауылы деп аталатын үлкен ауылды басқарып отырған ең жас әкім Әзілхан Зарифов.

2

Әзілхан Уәлиханұлы аудандағы ауыл әкімдері арасындағы ең жасы. Ол 1990 жылы Казталов ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалім боп бастаған Әзілхан бүгінде ауданға қарасты үлкен ауылдардың бірі Бөрлі ауылының әкімі.

Әскери маман болғым келді

Бала кезде адамда арманның түр-түріне қанат байлап алып, ұшып жүресің ғой. Сол секілді менің де бала арманым әскери адам болуды қатты армандадым. Қолыма қару ұстап, әскери киініп жүрген сәттерімді көз алдыма елестетіп, арман құшағында жүретінмін. Кейін есейе келе, заман талабын ұғынасың, ойланасың, сөйтіп мен мектепті бітірген соң, ағылшын тілі маманы болуға бел байладым. Тіл білгеннің жаман болмасы белгі ғой, сөйтіп мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып диплом алып, еңбек жолымды мектепте мұғалім болып бастадым.

Алғашқы қадам

Мұғалім болып жұмыс жасап жүргенімде, бір жолдас балам болды. Ол да мұғалім болатын. Бір күні жұмыста жүргенімде бір тест көрсетіп: «Мемлекеттік қызметке өтуге болады, егер қызығушылығың болса. Мен дайындалып жүрмін. Бағымызды бірге сынап көрерміз мүмкін» демесі бар ма?

Жаспыз. Жастықта бәрі қызық. «Көрсек, көрейін» дедім. Бірақ қанша жерден жас болсам да, мемлекеттік қызметкер дегеннің аты айтып тұрғандай, мемлекеттің бір ісіне сен де жауапты боласың дегенді ұғындым. Сөйтіп тестен өтіп, Казталов ауданының Қайыңды ауылына жетекші маман болып қызметке тұрдым. Осылайша жетекші маман, бас маман, әкім орынбасары деп еңбек керуені жалғаса берді.

Орда бұзар жаста бұйырыпты...

- «Әкім болсам деген арманыңыз болды ғой?

-Иә, мемелекеттік іске араласа жүріп, қыр-сырына қаныға бастадым, біліктілігім де толыға түсті. Әрі әр сатысынан өтіп келе жатқан жас маманда ондай ойдың болмауы мүмкін емес деп ойлаймын. «Әкім болу қай жасымда бұйырар екен?» деп өзім іштей ойлайтынмын. Сөйтсем, бұл лауазым орда бұзар шағыма бұйырыпты. Осыған дейін Бөрлі ауылының әкімі орынбасары болып келсем, бүгінде сол ауылдың әкімі лауазымындамын.

Телефонмен шаруа шешуді жөн көрмеймін...

-«Бұрынғы жетекші маман, орынбасар болған Әзілхан бүгінде әкім болған соң өзгеріп кеткен жоқ па? Бір орында отырып, шаруаны телефонмен шеше салу дегендей?..

-Телефонмен шаруа  шешуді жөн көрмеймін. Қай мәселенің болса да, басынан табылып, сол жерде елмен бірге ақылдасып шешкен әлдеқайда тиімді. Әкім екенмін деп жұмыс бөлмемнен шықпай отырсам, шаруа шала шешілетіні анық. Қабылдауымда да адам көп деп айта аламын. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы да сауал жолдап жататындар да көп.Әрқайсысының өз шағымы, өз мәселесі мен мұңы бар. Олар маған сенім артты. Ал сенімді, үмітті ақтау қаншалықты маңызды екендігін өзіңіз де білетін боларсыз, – деді жас әкім.

Сөзіне берік ағаларды «идеал» тұтып өстім

«Егер сайлауда жеңіске жетіп жатсам, абыроймен қызмет атқару басты мақсат болады дедім өзіме. Бұл түйінім әлі де тарқаған жоқ. Дәл осы ұранмен қызмет атқардым, атқара да берем. «Уәде - құдайдың сөзі» дейді ғой. Халық алдында уәде бердік. Соны орындауға, сөзімнен ауытқымауға тиістімін. Азаматтығыма да екі сөйлегенім жараспайтынын білем. Өзім жас болғандықтан, өзімнен кейінгі жастар да менен үлгі алуы керек. Өзіме қарап бой түзейтін інілерім болса, мақсатымның орындалғаны деп білемін. Өзім де сөзіне берік ағаларды «идеал» тұтып өстім. Туған өлкемнің үдесінен шыға білсем, елдің дамуына тамшыдай болса қосқан үлесім болар еді деп ойлаймын. Отансүйгіштік деген сөзді бұл күні жиі аузымызға алатын болдық қой. Ал ол қандай болады, елді қалай сүйіп, нендей әрекет жасау керек? Бұған бас қатырып жатқандар шамалы. Міне, осы ұғымды ұстаздардан бөлек, біз мемлекеттік қызметкерлер елге ұғындыра білуіміз керек. Тау төңкеріп, толағайша әрекет жаса деп отырғаным жоқ мұнымен. Мәселен, туған өлкенің пайдасы үшін, тым болмағанда тазалықты сақтасақ, елдің дамуына, ауылдың көркеюіне үлес қосқаным деп білемін.

Ерекшелігім тек жасымда шығар...

-«Өзге әкімдерден қандай әрекет, не шаруаңыз арқылы ерекшеленгіңіз келеді?» дедім, салиқалы сұхбатты үзіп алмауға тырысып.

-Мен ешкімнен ерекшеленгім келмейді. Бір ерекшелігім тек жасымда шығар. Бірақ ерекше болу да мүмкін емес. Себебі, барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Елді көркейту, дамыту, қордаланған көп шаруаны шешу. Бұл міндет кез келген әкімнің алдында тұр. Бірақ мен жаспын. Бұл менің бойымдағы бар ерекшелік шығар. Ал басқасы нақты міндеттер мен тапсырмалар. Тәжірибе жинақтап, көпке үлгі болғым келетіндігін жасырмаймын, – деді ол.

P/S: Жас әкіммен сұқбат осындай нотада түйінделді. Бойында жастық жігері мен намыс оты жалындаған Әзілхан Уәлиханұлы ел алдында әкім болуымен қатар отбасында жарымен  бірге ұл мен қыз өсіріп отырған үлгілі әке.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале