Бөрлі ауданы прокуратурасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы прокуратура органдары құрылуының 30 жылдығы қарсаңында, қаламыздағы Ғ.Жәңгіров атындағы саябақта 30 түп көшет отырғызды.
Айта кетейік, Ғұбайдолла Жәңгіров Ресейдегі алғашқы әскери телеграф байланысын жолға қойған, Ресей империясы қарулы күштері байланыс әскерлерінің тұңғыш басшысы болған, қазақтан шыққан алғашқы генерал еді.
Әсіресе, орыс-түрік соғысы кезінде оның әскери дарыны айрықша көзге түсті. Орыс-түрік соғысы әскери байланыс жүйесінің арнаулы бір түрі ретінде жасақталып, шұғыл дамуына да көп септігін тигізді. Әскердің бұл түрі ұлан ғайыр соғыс сахнасындағы бүкіл іс қимылды басқарып отыруды жетілдіре түсуге тіпті, жеңіске жетуге айтарлықтай үлес қосты.
Оның үстіне жас қазақ генералы бірнеше шетел тілін білетін, әдебиет, тарих, жағрафия, математика, заң, дипломатика, экономика, және өзге де ілімдерге жүйрік болатын. Ғұбайдолла Жәңгіровтың арқасында , байланыстың жауынгерлік тәжірибесі молығып, бұл сала дербес бір әскери құрылымға айналды. 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысында ерекше көзге түскен әскер басыларға “Ерлігі үшін” деген жазуы бар алтын қарулар сыйға тартылды. Солардың бірі – қазақтың тұңғыш генералы Ғұбайдолла Жәңгіров еді.
Генерал атындағы саябаққа көшет отырғызған мекеме қызметкерлері алдағы уақытта ағаштарды күтіп, қарауға ниетті.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz