20.10.2021, 23:14
Оқылды: 27

Шекара мәселелері бойынша жиын өтті

Шекара еліміздің қамалы іспеттес. 19 қазан күні Казталов ауданы әкімдігінің үлкен залында аудан әкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен шекара мәселелері бойынша үйлестіру жиыны өтті. 

9

Жиынға Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының м.у.а., подполковник Қуанышбек Нүсіп, үйлестіру кеңесінің мүшелері, шаруа қожалық жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның күн тәртібінде шекара аумағында орын алған өзекті мәселелер және шекаралық аймақта Тереңкөл ауылдық округінің Беспішен елді мекені кіре берісіне бақылау постын қою мәселесі қаралды.

11

Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының м.у.а., подполковник Қуанышбек Нүсіп баяндама жасап, ауданымыздағы шекара заставаларының қызметі мен басшыларын таныстырды.  Қуанышбек Нұржанұлы өз сөзінде ауданымызда анықталған заңбұзушылықтарды тілге тиек етіп, бірқатар жұмыстармен және ҚР заңдарын түсіндіріп өтті.

-Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 606 шақырымға тең келетін учаскесін күзету мен қорғауды ұйымдастырады. Соның ішінде Казталов ауданы аумағы бойынша – 108 шақырым. Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы» №70-V заңына сәйкес жүзеге асырылады. 2021 жылдың өткен кезеңдерінің қорытындысы бойынша Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы өз күш-құралдарының көмегімен және өзара қарым-қатынас жасаушы органдардың қызметкерлерімен бірге 88 тұлғаны шекара кеңістігіндегі заңнамаларды бұзғаны үшін ұстады. Олардың қатарында Мемлекеттік шекара бұзушылар – 2, Мемлекеттік шекара режимін бұзушылар  – 39, шекаралық аймақ режимін бұзушылар – 42, ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамаларды бұзушылар – 7. Бұл көрсетікштер өткен тоқсандардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 27 пайызға төмендегенін байқатады. Әрине, бұл біздің бірлескен жұмысымыздың жемісі деп білемін, - деді ол.

12

Жиында баяндама негізінде заңбұзушылықтар мен Орта Азиядағы ахуал, ауданымызда анықталған фактілер талқыланды. Сондай-ақ қожалық жетекшілері де өздерінің пікірлерін білдіріп, бірқатар мәселелер ұсынылды. Аудан әкімі Альберт Есалиев жиынға қатысушыларға аудан тұрғындарын, әсіресе, шекара маңындағы елді мекен тұрғындарын ел шекарасын қорғауда қырағылық танытуға шақырды. Жиын бойынша бірқатар ұсыныстарды нақтылап, тиісті шешім шығарылды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале