21.10.2021, 12:29
Оқылды: 62

Өмірге құштар жандардың өнер бәйгесі өтті

Ақжайық ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аудандық шығармашылық фестиваль ұйымдастырылды. Оған ауылдық округтерден 26 үміткер қатысып, өнер түрлерінен белгіленген аталымдарда бақ сынады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған  шарада алдымен қазылар алқасы фестивальдағы  алғашқы аталым бойынша бейнелеу өнері мен қолөнерден көрмелерді тамашалады.

1

Одан соң сахнада сап түзеген ерекше жандарға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін арнады: «Қандай ма сынаққа мойымаған, жасымаған сіздер – мықты жаралған жансыздар. Елімізде түрлі бағдарламалар ұсынылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға, олардың қоғамға етене араласуына мемлекет тарапынан көптеген қамқорлық көрсетілуде. Бүгінгі басқосу да – соның бір айғағы. Жанарында от ойнаған, көкірек көзі ашық бүгінгі барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!», – деді ол.

Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен, айталық, түрлі бұйымдар жасаудан, қолөнерден «Үздік жасампаз» аталымы бойынша Чапаев ауылынан суретте ешкімге дес бермеген Аңсар Беріков, «Үздік көркемсөз» аталымы бойынша Қарауылтөбеден келіп, «Тәуелсіздік таңына 30 жыл» атты төл туындысын оқып берген Меңдігерей Мұқанов, «Үздік вокал» аталымы бойынша «Батырлар ұраны» әнін әуелеткен базартөбелік Марат Асылхан дараланды. «Үздік аспап» аталымында  Ақжол ауылдық округінің атынан қатысқан шебер домбырашы Өмірзақ Жұлқышев жеңімпаз танылды.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға Алғысхаттар мен арнайы естелік сыйлықтар табысталды.

Шараны ұйымдастырушы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Байбарақованың айтуынша, жеңімпаздар фестивальдің облыстық кезеңінде  бақтарын сынамақ.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале