Облыс орталығындағы арнаулы жұмыс киімдерін тігетін «Адванс-маркет» ЖШС жаңа қонысқа көшті. Бұрын серіктестік орынды жалға алып келген-ді.
Жаңа цехтың ашылу салтанатында Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары екенін айтып, жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
Ғимараттың ауданы 300 шаршы метрді құрайды. Озық технологиялық құрал-жабдық орнатылған ті-гін цехында 25 адам жұмыс істейді. Олардың 80%-ы – мүмкіндігі шектеулі жандар.
«Барлық өңірден тапсырыс алып, мектеп формасын, арнайы жұмыс киімінің сан түрін тігеміз. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. «Белес-Агро» АҚ-мен, «Орал трансформатор зауыты», «Потенциал Ойл» ЖШС-лармен әріптестік байланыс орнаттық. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының арнаулы киімдері біздің цехта тігілді. Енді өндіріс көлемін арттырып, байқау арқылы 15 тігіншіні жұмысқа қабылдаймыз», – дейді кәсіпкер Берік Әбілқасов.
zhaikpress.kz