Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанынан ашылған әдеби-танымдық «Абайтану» клубының кезекті басқосуы өтті. Хакім Абайдың шығармаларын жан-жақты таныту, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім, білік дағдыларымен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз кәдесіне жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлғаны қалыптастыру мақсатында құрылған клуб мүшелерінің саны осы күні өсіп келеді.
Жуырда клуб мүшелері «Дана халықтың дара Абайы» атты дөңгелек үстелде бас қосты. Кездесу барысында қонақтар өздерінің ойларымен бөлісіп, құнды ақпараттармен танысты.
Жалпы «Абайтану» клубы 2019 жылы ақпан айында ашылды. Сол күннен бері қызу жұмыс атқаруда. Кешке жиналған қонақтар алдымен Абайдың өмір жолы туралы дайындалған бейнежазбаны тамашалап, одан соң ақын даналығын, сөз қазынасын, асыл мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат еткен клубтың жаңа мүшелерімен танысты.
Елге пайдасы тиер ерекше орталықтың отырысына арнайы келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абайды өскелең ұрпаққа таныстыру жолында жасалып жатқан игі істерге тоқталып, өлеңдері мен қара сөздеріндегі терең ойды тебіренте түсіндіріп өтті.
Кейін аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Зейнолла Қалиев «Хакім Абай және бүгінгі заман», Қ.Аманжолов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айсана Исмагулова «Абай шығармаларындағы позитивизм» атты баяндамаларын көпшілік назарына ұсынса, Переметный мектебінің директоры Мәлік Өтешев Абайдың шыңға шыққан шығармаларын сөз етті. Ұлы ойшылымызды ұлықтап, оның шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізуді көздеген клуб отырысында аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық «Шежіре» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Аслан Ғизатов әуелете ән айтып, отырыс сәнін кіргізді.
Дөңгелек үстел барысында 2022 жылғы клуб жоспары талқыланып, ел ағалары ақыл-кеңестерімен бөлісіп жол сілтеді.
-Елдегі карантиндік шектеулер күшейіп, пандемия өршіген сәтте клуб жұмысы саябырсып қалды. Алдағы уақытта ол олқылық орнын толтырып кең көлемдегі кездесулер, дөңгелек үстелдер, ақындар мүшәйрасы мен көркемсөз шеберлерінің байқауын ұйымдастыру жоспарда бар. Абай мұрасын насихаттап, жастар шығармашылық қабілеттерін шыңдау үшін жұмысқа білек сыбанып кірісіп кеттік,– дейді клуб жетекшісі Айжана Сафиянова.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz