Жақында Шыңғырлау ауданына қарасты Ақтау ауылында тұрғындарды көптен толғандырып жүрген бір мәселе түбегейлі шешіліпті. Нақтырақ айтсақ, көшені жарықтандыру бойынша тұрғындар өтініштері іске асқан.
Қазіргі күні шақырымдап немесе белгілі бір территорияға шақтап электр желісін тарту, үлкен қаражат қажеттілігін туындататын шығын екені белгілі. Соның ішінде бағана сатып алу, оны орналастыру жеңіл шаруа емес. Ал ақтаулықтар ойластыра келе бұның басқа да жолы барын екшелеп, ауыл халқының сұранысын қанағаттандырған. Ал осы істі қолына алған «Акулов» жеке кәсіпкерлігі аз уақыт ішінде екі көшені жарықтандырып, ақтаулықтардың ризашылығына бөленді.
Міне, енді заманауи техникалық жетістіктердің бірін ақтаулықтар да көруге мүмкіндік алды. Не бары 450 мың теңгеге жергілікті бюджеттің қаражатына алынған күн сәулесімен қуаттанғыш шамдар, күндізгі уақытта «күш» жинап, ал түнде Ақтау ауылының екі көшесін жарықтандырып тұрады.
– Заман ағымнан қалыспай, тұрғындардың жағдайын жасау, ауылды көркейту, абаттандыру жұмыстары жопарлы түрде атқарылуда, – дейді ауыл әкімі Мұрат Қайыржанұлы.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz