25.10.2021, 11:49
Оқылды: 155

Қайырымдылық турниріне атсалысты

Осыдан төрт жыл бұрын Алматы қаласында «Харекет» қайырымдылық қоры құрылды. «1000 теңгеге баспана» атты жобаны қолға алған қор мүшелері осы жылдар ішінде 500 көпбалалы және мұқтаж жанұяға баспана алып берді. Қор игі бастамасын әлі жалғастырмақ ниетте. Биыл «Харекет» қайырымдылық қоры өзінің төрт жылдығына орай аудандық, облыстық деңгейде шағын қайырымдылық футбол жарысын ұйымдастыруда. Оған 10 мың теңге жарна төлеген кез келген команда қатыса алады.

IMG_1648

Жуырда Бәйтерек ауданының командалары да аталмыш бәсекеге өз үлесін қосып, игі бастамаға қолдау білдірді. Облыстық спорт басқармасымен бірлесе ұйымдастырылған аяқдоп бәсекесіне ауданның әр округінен келген үздік командалар қатысты.

-Көп адамға пайдасы тиген қордың кезекті бастамасына қолдау білдірген аудан спортшыларына алғыс білдіремін. Қомақты қаржы жинап, оны қорға аударуға атсалысқан әр команда мүшесі мақтауға лайық. Футбол бейбітшілікті дәріптеуші, игілікті арттырушы ойынға айналғанын көріп отырмыз. Достығымыз нығайып, бірлігіміз арта берсін. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін,- деді қайырымдылық турнирінің ашылуына арнайы келген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов.

IMG_1767

Көрерменнің желебесін қоздырып, қызықты ойындар ұсынған футболшылар жарысының қорытындысында үшінші орын Дариян ауылының командасына бұйырса, екінші орын Переметный ауылының жастары командасына, бірінші орын Переметный ауылының құрама командасына бұйырды.

Одан бөлек, жарыс барысында өзінің үздік ойынын көрсеткен Вадим Скоробогатов «Үздік қорғаушы», Тимур Макаев «Үздік қақпашы», Азамат Ситалиев «Үздік шабуылшы» атанса, Ринат Галиев «Үздік ойыншы» аталымын қанжығасына басты.
Жарысты ұйымдастырған «Бәйтерек» спорт клубы барлық командаларға естелік сыйлық, үздіктерге медальдар мен мақтау қағаздарын табыс етті.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале