25.10.2021, 16:15
Оқылды: 59

Педсыныптардың болашағы зор

Жуырда Бәйтерек ауданы орталығындағы Қ.Аманжолов атындағы мектепте «Мамандықты дұрыс таңдау- табысты өмірдің кілті» атты облыстық семинар өтті.

34

Мектеп оқушыларын мамандық таңдауда қателеспеуге шақыруды мақсат еткен келелі кеңеске аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, облыстық әдістемелік кабинетінің педагогикалық сыныпқа жауапты әдіскері Асылзада Аманғалиева, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқу- өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Мұхамбет Мұқашев, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Ләззат Есенова, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж психологі Назерке Құрманғалиева сондай-ақ облыс бойынша эксперименттік алаңдардың жетекшілері, Қ.Аманжолов атындағы мектептің педагогикалық сыныптардың ұстаздары, ата-аналары мен оқушылары қатысты.

Шара мектеп кітапханасы, мектеп мұражайы мен кәсіби бағдар беру кабинетінің таныстырылымымен басталды. Кейін семинарға қатысушылар педагогикалық сыныптың осы уақытқа дейінгі жасалған жұмысы туралы бейнеролик тамашалап, мектеп ұстаздарының осы кезге дейін атқарған жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар бірлесе атқарылатын шаралардың жоспары құрылды.

 Семинар барысында педагогикалық сынып оқушыларының ұйымдастыруымен «Күлкі аялдамасы», «Егер мен ...» секілді көрсетілімдер ұсынылды. Одан бөлек педагогикалық сынып оқушылары мен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжін тәмамдап, қазіргі таңда Қ.Аманжолов атындағы мектепте ұстаздық жолын жалғастырып жатқан оқытушылар да өздерін таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.

36

35

Қызықты семинарда Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушылары шараға қатысушы ұстаздар және педагогикалық сынып оқушыларымен «Педагогикалық сынып-болашағыңның бастауы», «Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәні», «Педагогикалық мамандықтың қоғамдағы маңызы» тақырыптарында еркін алаңда ой бөлісіп, пікір алмасты.

Сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері де өз өнерін көрсетіп, көпшілікті таң тамаша етті.

Шара соңында оқушылар да, ұстаздар да алған әсерлерімен бөлісіп, оң пікірлер қалдырды. Болашақта осындай шаралар жалғасын тауып, оқушылардың өмірлік жолдарын айқындауға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Арал Болпышұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале