26.10.2021, 11:00
Оқылды: 42

Төтеншеліктерде тыным жоқ

Адам өмірінің қауіпсіздігі қоғамда әрқашанда маңызды болып қала бермек. Аудан-ауыл тұрғындарының төтенше жағдайларда қандай әрекет жасауы керек, үй жағдайында қауіпсіздік ережелерін қалай сақтауы керек, әсіресе ата-аналары жұмыста болған кезде үйде қалған балалардың амандығы қалай болмақ деген сұрақтармен айналысатын ұйым-аудандық төтенше жағдайлар бөлімі болып табылады. Шыңғырлау ауданында бұл мекеменің құзырына кіретін шаралар легі көп. Айталық, қыс мезгілдерінде газ қондырғыларының қауіпсіздігі қаншалықты дәрежеде, барлық ереже талаптары орындала ма және улану фактілерін болдырмау үшін бірінші нені ескерген жөн деген сұрақтарды басшылыққа алып бөліммен жыл басынан бері рейд шаралары ұйымдастырылып келеді. Тұрғындар қыстың қаһары қайтысымен-ақ газ қондырғыларын тазарту, қысқы маусымға әзірлеп қоюды әдетте кейінге ысыра береді. Осы жәйттарды да ауылдастардың есіне түсіріп, үй аралап жұмыстанатын да осы бөлім қызметкерлері. Үй секторларын аралап, жадынамалар үлестіріп, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізген мұндай шаралардың түптің түбінде нәтижесін берері анық. Яғни осы мақсатпен төтеншеліктер жыл басынан бері қауіпсіздің шараларын қатаң сақтауды тұрғындарға жеткізу мақсатында 3847 үйді аралап, 9497 аудан тұрғындарымен жүздескен екен.

IMG-20211020-WA0055

- Өрт – тілсіз жау деп айтамыз. Әсіресе, қыс мезгілінде үйде өздері қалатын балалардың тыйым салатын заттарға әуес келетіні түсінікті. Ойын көріп отырып сіріңкені жағып жіберіп, далада тұрғын шөпті, қора-қопсыны өртке ораған жағдайлар да аз болған жоқ. Жыл басынан бері осындай 22 өрт оқиғасы тіркелді. Жерлестерімізге өрттің салдары туралы жиі-жиі ескертілгенімен де адамдардың бейқамдығы өкінішті жәйттарға соқтырып жатыр, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Жастілек Дулатов.

Жасыратыны жоқ, ауыл арасында әлі де пешпен жылытылатын үйлер баршылық. Мұндай үйлерде газ иісінен улану, өрт шығып кету жағдайлары басымырақ. Осы жәйтті де бөлім қызметкерлері жұмыстарында назардан тыс қалдырмауға тырысып отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен көп балалы және аз қамтылған отбасыларына улы газдың дабылдатқыштары орнатылған. Мұндай құрылғылар адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

-Улы газдың дабылдатқышы пешпен жылытылатын үйлердегі ауаның құрамында улы газдың бар-жоғын анықтап береді. Егер үйде улы газдың концентрациясы белгіленген мөлшерден асып түссе, құрылғы дыбыс шығарып, белгі береді. Осындай құрылғыны 5 отбасына орнатып берсек, алдағы қыс маусымы басталған соң бұл жұмысты тағы да қолға аламыз, – дейді ауылдастарының қауіпсіздігін ойлаған бөлім қызметкерлері.

IMG-20211020-WA0056

Көктем шығып, диқандар егін салып, шаруалар мал азығын дайындар тұста да төтеншеліктерге тыным жоқ. Ел ырысы болатын алтын дәнді, мал азығы жасыл шөпті ысырапсыз жинап алар тұста қауіпсіздік ережелерін сақтауды екі есе күшейту қажет. Осындай кезеңде бөлім қызметкерлері дала қостарын аралап, шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігін түсіндіріп отыруды ұмытқан емес. Күннің ыстығында қауіпсіздік шаралары сақталмаса өрт абайсыз лақтыра салған темекі шоғынан да, шала сөнген шырпыдан да лап ете түсері сөзсіз. Маңдай тер еңбектің осындайда текке кетері түсінікті. Бір көңіл бірлейтіні, осындай түсінік жұмыстарының нәтижесі болар, биылғы жылы аудан көлеміндешабындықтарда өрт оқиғасы тіркелмепті. Бірақ далалық жерлердің күннің ыстығынан жануының 15 оқиғасы орын алған.

-Биылғы көктем біздің есімізде көпке дейін сақталатын болар. Қар қыс айының соңында төпелеп келіп жауғаны шыңғырлаулықтардың есінде болар. Және сол жиылған қар күрт еріп кетті емес пе? Іргесі төмен орналасқан көптеген тұрғындардың үйлеріне су кіріп кеткені шындық. Жан-жақтан көмек сұраған ауылдастарға үлгеру керек болды. Осы кезде аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, күн-түн демей жұмыс істедік. Тұрғындардың үйлерінің ауласындағы жиналған суды мотопомпамен сорғызып сыртқа шығаруға, тұрғындардың дүние-мүлкінің суға кетпеуіне күш салдық. Осы орайда, бізді қынжылтатыны-жыл бойы тұрғындарға көктем келер алдында ауладағы қарды сыртқа тасып шығару керек, іргелерді ашық ұстаған дұрыс деген ескертулеріміздің көбіне-көп далаға кетіп жатқандығы. Осындай салғырттықтың салдарын түптеп келгенде өздері тартады, – дейді бөлімнің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұржан Қуанов.

IMG-20211020-WA0063

Бөлім аудандағы мекеме-ұйым, жергілікті әкімшілік, орта мектептермен тығыз жұмыс жасап келеді. Әсіресе, мектеп оқушылары мен еріктілердің төтеншеліктердің қызметіне қызығушылық танытуы ерекше. Жуырда Орал қаласында өткен төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған жалпы білім беретін орта мектептер арасындағы байқауында ауданымыздың «Жас құтқарушылар» командасының жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтуы бөлімнің мерейін арттырғаны сөзсіз.

Мереке қарсаңында бөлімнің жеке құрамасы арасында футболдан жарыс өткізіліп, бұл күнді осылайша атап өтіпті. Бөлім қызметкерлері жауапты жұмыстары үшін атаулы күндерде аудан әкімі тарапынан алғыс хаттарға ие болып келеді.

Күні-түні телефондары шырылдап жататын, белгілі бір жұмыс тәртібі сақтала бермейтін бөлім қызметерлерінің әр күні осындай қарбаласқа толы. Тұрғындардың аман-сау болуын тілеп, қызметтеріне адал көзқараспен қарап келе жатқан Бахтияр Катчиков бастаған шағын ғана ұжымның атқарып отырған ауқымды жұмысының бір легі міне, осындай.

                                                                                                            Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале