27.10.2021, 12:10
Оқылды: 46

Майдангерге құрмет

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева бастап, Орда ауылдық округінің әкімі Медет Сисенов пен осы округтен сайланған депутаттар Ғайса Махимов пен Аягөз Түсіпқалиевалар қостаған топ майдангер Нәсіпқали Жұмағалиевті 95 жас мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

249212433_2694492574030501_8737485046424626160_n

-Бүгінгі бейбіт күніміз, ашық аспанымыз үшін сіздей майдангер аталарымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз. Ұлы Отан соғысы салған жүректегі жара жазылмайды, сол майдандағы көзсіз ерлік ұмытылмайды. 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысы бұрынғы Кеңес Одағы тарихының ең бір қасіретті де қасиетті кезеңі. Қасіреті сол – құрбандар саны миллиондап саналады, қасиеті сол – Отанды сүюдің ең бір озық үлгісі, тылдағы аналарымыз бен балалардың жанкештілігі көрініс тапты. Сондықтан да біз үшін Жеңіс күні ең ұлық мереке болса, әр майдангердің туған күні де назарсыз қалмайтын елеулі күн, – деп аудан басшысы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің де құттықтауын жеткізді.

Нәсіпқали атамыз –  «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерен ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері,  «Бөкей ордасы ауданының Құрметті азаматы».

Аудандағы жалғыз майдангердің құрметіне музей-қорық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына дәріс өткізілді.  Дәріс барысында оқушыларға ардагер туралы бейнефильм көрсетіліп, атамыздың ерлік жолдары, өмірі мен еңбегі туралы таныстырылып, насихатталды.

Нәсіпқали Жұмағалиев  бір отбасынан майданға аттанған үшеудің бірі. Бір ағасы соғыс даласында қаза тапса, Қабош ағасы аман келсе де, ұзақ жасау бұйырмаған майдангер.

Кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысына 1944 жылы алынып, 18 жасында Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласы маңындағы Тоцк жаттығу лагерінен бірақ шығады. Үш ай машықтанып, соғыс тактикасын біркелкі үйренген сарбаз  13-атқыштар дивизиясының 265-полкі құрамында майданға аттанады.  Шығыс Пруссия жерінен бастап, Одер, Шпрее өзендерінен өтіп, Берлин қаласы арқылы Эльба өзеніне дейінгі жерлердегі ұрыстарға қатысады.

248976357_2694492714030487_6916077392737955101_n

Әскер қатарында алты жылдай жүріп, 1950 жылы мамыр айында елге оралып, күйзелген шаруашылықты қалпына келтіруге, елдің тұрмыс жағдайын жақсартуға әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына бар күш-қайратын жұмсайды. 1950-1952 жылдары Ноғайбай ауыл кеңесінде, Орда, Жәнібек аудандарында, кейін Сайқын ауыл советінде мәдени-ағарту мекемелері, оқу үйінің меңгерушісі, 1953 жылы «Қызыл Отау» меңгерушісі болып жұмыс жасады.

1957-1962 жылдары Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында мал дәрігерлік мамандығы бойынша білім алып, зейнеткерлікке шыққанға дейін М.Мәметова, «Орда» кеңшарларында  мал дәрігері болып, 1987 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.

1989-2004 жылдары Орда ауыл округі бойынша ардагерлер ұйымына төрағалық етеді. Ардагердің бейбіт өмірдегі еңбегі де еленіп, түрлі марапатқа ие болды.

Бүгінде немереден шөбере, жиеннен жиеншар сүйіп отырған үлкен әулеттің бәйтерегі.

Жадысы мықты, әзілі жарасымды атамыз құттықтай қауымға алғысын білдіріп, игі тілегін айтты.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале