Бұқаралық спортты дамытып, ел азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру – дені сау ұлт қалыптастырудағы басты бағыттардың бірі. Осы күні көпшіліктің сұранысына, бұқаралық сипатқа ие спорт түрі – волейбол.
Жуырда Бәйтерек ауданы Белес ауылдық окргінің әкімдігі мен мектеп ұжымы және жастары бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай волейболдан ауылішілік жарыс ұйымдастырды.
– Ауылдағы жастар да, үлкендер де әуе добы ойынына үлкен қызығушылық танытады. Сол себепті жастар мен аға ұрпақ арасындағы байланысты нығайтып, ауылдастар арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында осындай турнир ұйымдастыруды ұйғардық, – дейді округ әкімі Мәлік Ілиясов.
Қызықты жарысқа ауыл аумағында қызмет атқаратын барлық мекемелер мен ұйым командалары қатысты. Көрерменді таң-тамаша еткен тартысты ойындар қорытындысында үшінші орын ауыл мектебінің оқушылары командасына, екінші орын «Белес Агро» ЖШС-нің командасына бұйырса, бірінші орынды Белес жастарының құрамасы жеңіп алды.
Жарыс соңында жеңімпаз-жүлдегерлер және үздік ойыншыларды ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz