Республика көлемінде он бес жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырып келе жатқан игі иллюстраторлар байқауы биыл да жалғасын тапты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясындағы «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына - 30 кітап» атты облыстық жас иллюстраторлар байқауын Х.Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды.
Қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттап, мәртебесін көтеру және жастарды кітап оқуға үгіттеп, рухани әрі патриоттық тәрбиеге баулу, оқырманның эстетикалық талғамын қалыптастыра отырып, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткен сайыста облысымыздың түкпір-түкпірінен келген иллюстраторлар еңбектері сынға түсті.
Жарыс ережесі бойынша қатысушылар ұсынылған шығармалар ішінен, өзіне ұнағанын таңдауға құқылы болған, сол таңдалған кітап үзіндісі желісінде түйгендерін ақ парақ бетіне түсірген. Кәсіби суретшілерден құралған әділқазы алқасы, иллюстрацияның тақырыпты ашуына сонымен қатар дәйексөздің орынды қолданылуына мән берген.
Он екі ауданнан жиналған озық ойлы оқырман бақ сынаған байқауға Бәйтерек ауданы атынан қатысқан өнерлі жандар құралақан қайтпады. Атап айтар болсақ, өнерімен көпті таңғалдырған аудандық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы, Қасым Аманжолов мектебінің оқушысы Әлия Мағытай жарыстың бірінші орынды жеңіп алды.
З.Наурызбаева мен Л.Клаустың «Алтын тостағанды іздеу» шығармасын оқып, үзіндісін қағаз бетіне түсірген Әлияның туындысы, әділқазылар алқасының оң бағасын алды.
Аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл Әлияның бірінші жеңісі емес екен. Кішкентайынан кітапқұмар Әлия осыған дейін де кітапханашылар ұсынған бірнеше байқауда бақ сынап, топ жарған. Алдағы уақыттада осы қалпынан танбай, бірлесе еңбектеніп, бәсі биік басқа да байқауларда жүлде салуды мақсат еткен.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz