Жуырда Бәйтерек ауданы Январцев ауылының кітапханашысы Жарқынгүл Серғазиева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр ғұмырлы - ғажап ақын» атты оффлайн әдеби сазды кеш ұйымдастырды.
Балаларды жас мемлекетіміздің осы кезге дейін жеткен жетістігімен таныстырып, Жамбыл жырын насихаттау мақсатында өткен әдеби шарада кітапханашы Жарқынгүл Серғазиева жиналғандарға Жамбыл Жабаев туралы толық мағлұмат беріп, кеш қонақтарына ақынның өмірі және шығармашылығымен таныстырды.
Тағылымы мол шарада мектеп оқушысылары Дана Қаменова ақынның «Белсенділерге», Аружан Жақсығали «Ақын болдым он үште» өлеңдерін жатқа айтып, жиналғандарды сүйсіндірсе, домбыра үйірмесінің жетекшісі Қайырлы Сұлтұмова ақынға арналған «Жүз жасаған Жамбыл ата, Сүйінбайдан алдың бата» әнін нақышына келтіре орындап, кештің көрігін қыздырды.
Жыр жырланып, күй төгіліп, өлең оқылған кеш барысында кітапханашы Жарқынгүл Серғазиева қатысушылар арасында «Жамбыл ата жөнінде не білеміз?» атты викториналық ойын ұйымдастырып, тұшымды жауап берген озық ойлы оқушыларға сый-сияпат көрсетті.
Шара соңында «Жүз жасаған бәйтерек» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, жыр алыбының жаңа қыры таныстырылды.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz