29.10.2021, 16:42
Оқылды: 67

Сырымдық Айшаға 265 500 теңге табысталды

Бүгін Сырым аудандық мәдениет үйінде "Жүректен – жүрекке" атты төрт жасар періште Айша Есмагулованың еміне қаржы жинауға арналған қайырымдылық концерті өтті. Халықтың залға лық толуынан кішкентай Айшаның еміне сәл де болса, үлес қосуға асыққаны байқалды.

46

Кішкентай Айша ханшайым жуырда Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласына туа біткен гиршпрунг ауруын емдеу үшін жасалатын он бірінші отасына жол жүрмек. Ота жасатуға 5 млн теңге қажет.

WhatsApp Image 2021-10-29 at 16.39.15 (2)

Қайырымдылық шарасының шымылдығы Айша Асылбекқызының өзі орындаған "Көнеміз ғой қайтеміз көнбегенде" әнімен түрілді. Әннің өзі де, сөзі де Айшаның тағдырынан сыр шерткендей болып, халық көзіне жас алды. Ән аяқталған соң, Айшаға сыйлық табысталды.

Кеште Айша құралпы сәбилерден бастап, ересектерге дейін өнер көрсетті. Би де, халық әні де, күй де, жаңа хит әндер де орындалып, көрермендердің құлақ құрышы қанды.

WhatsApp Image 2021-10-29 at 16.39.15 (7)

WhatsApp Image 2021-10-29 at 16.39.15 (6)

Қайырымдылық шарасының соңында шараны ұйымдастырушы аудандық демалыс орталығының саябақтар меңгерушісі Ақкүміс Мурадимова, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың қолынан шыққан қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырған аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты Аида Ниязгалиева, Айша Асылбекқызы мен анасы Сымбат Жұмабаева сахнаға көтерілді. Ақкүміс Мурадимова билеттен түскен 150 900 теңге және жәшікке көрермендер салған 64 600, барлығы 215 500 теңгені Сымбат Жұмабаеваның қолына ұстатты. Аида Ниязғалиева екі күн ұйымдастырылған көрмеден түскен және ұжымы атынан 50 000 теңгені табыс етті.

WhatsApp Image 2021-10-29 at 16.39.15 (4)

WhatsApp Image 2021-10-29 at 16.39.15 (5)

Сымбат Жұмабаева қызына арналған қайырымдылық концертін ұйымдастырушыларға, халыққа аналық ақ пейілімен алғысын жаудырды.

Айша да: "Рақмет сіздерге! Алла разы болсын!"деп, сахнада "Ықылас" сүресін жатқа айтып берді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале