ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделін енгізуде қай елдердің тәжірибесі пайдаланылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделіне көшу қазақстандық полицияны реформалаудың маңызды кезеңі болып табылады. Осы мақсатта министрлік жетекші әлемдік тәжірибе мен сервистік модель элементтерін енгізу кезеңдерін зерттеді», - деді Алексей Милюк ҚР ІІМ ұйымдастыратын апталық брифингте.
Оның айтуынша, Ұлыбритания полиция жұмысын дәстүрліден сервистік қызметке ауыстырған алғашқы елдердің бірі атанды. Бірақ оған 15 жылдан астам уақыт қажет болды.
«Грузияның да тәжірибесі қаралды, олар 2005 жылы полицияға түбегейлі реформа жүргізген. Грузин реформасы халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттырып, оң нәтиже берді. 2012 жылы ол 90% құраған», – деді Алексей Милюк. Сонымен бірге, спикер шетелдік тәжірибеден басқа жұртшылық пен отандық сарапшылардың және полиция қызметкерлерінің пікірлері мен ұсыныстары ескерілгенін атап өтті.
«Алдын ала жұмыстар отандық сервистік модельді дамытудың негізгі тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік берді. Оларды сынақтан өткізу үшін 2020 жылдың соңынан бастап бірқатар өңірлерде пилоттық жобалар жүйелі түрде іске қосылды. Қазір Мемлекет басшысының таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін осы жұмысқа жергілікті билік органдарын кеңінен тарттық және оларды тарату бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», - деді Алексей Милюк.
Айта кетейік, 2023 жылы полиция және прокуратура органдарында жұмыстың «сервистік» моделі енгізіледі. 2024 жылы мемлекет кепілдік беретін құқықтық көмектің көлемі 2 есеге артады.