11 қарашада Димаш Құдайберген Жапонияның танымал әншісі, «Autumn Strong» («Don’t Go») әйгілі композициясының авторы Коджи Тамакиға арналған «NHK Music Special» бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
«NHK Music Special» – әр ай сайын белгілі орындаушылар мен музыканттар шақырылатын танымал бағдарлама. Оның қарашадағы кейіпкері – жапондық әнші Коджи Тамаки. Ол – жапондық музыка индустриясындағы үздік орындаушы. Әртістің теледидардан көрінбей, сұхбат бермегеніне біраз болған, сондықтан оның қатысуымен өтетін бұл шығарылым ерекше болмақ.
Былтыр Коджи Тамаки «Rural» оркестрімен шығып, 24 жылда алғаш рет Kouhaku Uta Gassen музыкалық фестиваліне қатысқан. Оның тамаша әншілік қабілеті мен оркестрмен бірігіп өнер көрсетуі Жапонияда үлкен тақырыпқа айналған. Коджи Тамаки оркестрмен 2015 жылы өнер көрсете бастаған. Олар жапондық аудиторияның қошеметіне бөленді.
11 қарашада әртіс «NHK» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген. Сондай-ақ бағдарламаға онлайн режимде қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген қатысады. Димаш 2017 жылы Қытайда өткен «I am Singer» байқауында Коджи Тамакидің «Autumn Strong» (түпнұсқа атауы «Don’t Go») әнін орындаған еді. Бағдарлама барысында қазақстандық әнші шағын сұхбат беріп, бұл композицияның ерекшелігі жайлы баяндап береді. «NHK Music Special» 11 қараша күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:30-да көрсетіледі. Ретрансляция 16 қараша күнгі сағат 21:48-де өтеді.
Еске сала кетсек, қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Fly Away синглы Billboard Hot Trending Songs чартының үздік «жиырмалығына» кірген.