1.11.2021, 17:36
Оқылды: 124

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

Қазақ халық әуелден «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дейді. Ата-бабамыз бұл нақылды тегін айтпаса керек. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған шаңырақ - ұлын ұяға қондырып, қызын ұзатып, тамырын кеңге жайып отырған отбасылардың бірі. Ал кейіпкеріміз Мариям ана - бүгінде өз келінінің қолынан шәй ішіп, қолын жылы суға малып отырған енелердің бірі.

фото келин

Оның үстіне шаңыраққа немере келін түсіп қазіргі таңда қолы ұзарып бақытқа кенеліп отыр. Бір шаңырақ астында қос келінімен тұрып жатқан Ажғалиевтар әулеті бұл күнде ауылымыздың үлгілі отбасылардың біріне жатқыза аламыз. Бұл әулеттің ұйытқысы боп отырған Мариям анамыз сонау 1967 жылдың тамыз айында Ажғалиевтер әулетіне келін боп түссе, кейіпкеріміздің қолына 1986 жылы Патшайым апамыз келін боп түсіпті.

Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тәрбиелі қыздар - ортаймайтын ең құнды қазына екені хақ. Араға сан жылдар салып, осы үйдің түтінін түтетіп отырған Патшайым анамыз 2012 жылы қолына Гаухар есімді келінді түсірді. Сол уақыттан бері ұрпақтар сабақтастығын бетке алып әулеттің түтінін түтетуге барын салып келе жатқан кейіпкеріміз өз келіні және немере келінімен бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатыр. Бұл жерде тұрмыстағы сан түрлі оқиға желісі бірінен соң бірі жалғасын тауып шынайы көрініс анық байқалады.

Осы орайда өңірімізге белгілі ақын Дариға Мұштанова сол уақытта талай қиындықты бастан өткерген бір шаңырақтың үш келіні жайында «Аңыз болған абысындар» атты кітапты жарыққа шығарған болатын. Жаңа туындыны оқып шығып оның бойынан таза іңкәрлікті аңғарғандай болдым. Бұл кітаптың мағынасы мен мазмұны тереңде жатыр. Көркем суретке толы туынды да қазақы дәстүрдің мәйегін сақтаған үш абысынның бастан өткерген қиындығы мен ауыртпалығы әр түрлі сипаттағы олардың өмірі бейнеленеді. Дәл осы секілді бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кейіпкерлерміздің де өмір жолдары осындай кітаптардан тұрады десек те артық айтқандық емес. Заманына қарай адамы демекші, қазіргі таңда бір шаңырақ астында қос келіннің сыйысуы да мұң болып отыр. Ақты ақ деп, қараны қара дейтін шақта үйі кең болса да, көңілдің тарлығына сыймай жататындарын қайтерсің. Ажғалиевтер отбасындағы жылылықты көргенде, осындай отбасылардың қатары көбейіп, ауылымыз өркендеп дамуына үлесін қосса деген ой түйдім.

Гүлсезім  Даулетова

Қосшы ауылдық округі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале