Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «ALASH STAR» халықаралық өнер байқауы өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы міндеттерді іске асыруды көздейтін байқауға еліміздің әр түкпірінен күміс көмей, жезтаңдай әншілер қатысты. "ALASH" өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен өнерлі жандар додасында Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылдық округінің өнерпазы Ақкенже Қонысбайқызы да өз бағын сынады.
Шолпан Жұматовадан тәлім алатын әнші қыз өнер сайысының онлайн форматта оздырылған кезеңдерінен сүрінбей өтіп, ел астанасында өтетін қорытынды кешке жолдама иеленді.
Осылайша, қазылар алқасы мен тыңдаушыларын ерекше даусымен таң қалдырған Ақкенже Қонысбайқызы әншілер бәйгесінің гран-при иегері атанды. Кезінде Роза Рымбаева, Айман Мусаходжаева секілді қазақ өнерінің майталмандарынан бата алған Ақкенже апаларының үмітін ақтап, халықаралық байқаудың жеңімпазы болды.
Белес ауылдық клубының жетекшісі Ақтоты Имағамбетова ауыл мақтанышы атанып үлгерген Ақкенже әншінің елордаға баруына "Жайық мұнай" ЖШС демеушілік танытқанын айтады.
-Ақкенжеміз өнер майталмандарының ақ батасымен, ата-анасының қолдауымен өнер жолында біраз жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жетекшілік еткен ұстазына, барша демеушілерге алғыс білдіргім келеді. Балалық шағынан бастау алған жеңістері жарқын болашаққа жетелесін,-дейді Белес ауылдық клубының жетекшісі Ақтоты Имағамбетова.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz