Батыс Қазақстан облысында 237 875 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бұл – егілуге тиісті тұрғындардың 57,4 пайызы. Сондай-ақ 216 287 адам екінші компонентті қабылдап үлгерді. Өткен тәулікте 626 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілсе, соның 45-і – созылмалы ауруы бар тұрғындар. Өңірде вакцинациялау жұмысы одан әрі жалғасуда.
Басқарма мәліметіне қарағанда, соңғы тәулікте 9 адамнан коронавирус анықталса, 215 науқас жазылып шықты. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 7 пайызға төмендеді. Қазіргі кезде 422 адам амбулаторлық ем алып жатса, 176 науқас инфекциялық стационарларда. Соның ішінде 18-і ауыр халде. Дегенмен олардың арасында инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірінші тоқсанда 780 оқушыдан коронавирус анықталғанын, қазан айында 1500-ге жуық адамның ауру жұқтырғанын жазған болатынбыз.