Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдық округ және аудан орталығындағы мекемелер арасында «Тәуелсіздікке тарту» атты өнер фестивалі бастау алды.
Ең алғаш боп аудандық білім беру бөлімі, қосымша білім беру ұйымдары, Т.Жароков, А.Оразбаева атындағы мектептер мен №1 мектеп-лицейі өнер көрсетті. Мәдениет үйінің фойесінде аудандық туризм және экология орталығы «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты көрмесін назарға ұсынды.
Фестивальдің шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, ауданымызға республикалық «DANA» журналының редакторы Нұрлан Сәдір келіп, журналдың №54 санында жарық көрген «Ықсанов феномені» атты мақаласын тілге тиек етіп, сондай-ақ биыл М.Ықсановтың 95 жылдығын атап өтіп, салтанатты түрде журналдың 50 данасын сыйға тартты. Әрмен қарай жиналған қауым білім беру ұйымдары бірігіп ұйымдастырған концертті тамашалады.
Аудандық саз мектебінің ұлт-аспаптар ансамблі халық күйі «Ел айырылған» мен Е.Нұрымбетовтың «Ақжайық» күйін күмбірлетті. Өнерпаз Есім Тұяқбаев «Туған жер» толғауын , республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Гүлім Биғали «Самға» әнін тамылжыта орындады. Сол сияқты «Гүлдер» би ансамблі «Қазақ биі» мен «Би вальсін» мың бұрала билесе, Жақсылық Бисенғалиев «Республикам байтағым менің» әнін шырқады. Республикалық «Струнная капель» бард әндері фестивалінің лауреаты «Альтаир» ансамблі «Астана» әнін ұсынды. Сондай-ақ күй тартыс болып, республикалық «Менің Отаным Қазақстан» туристік-экспедициялық жасақтар слетінің дипломанты Диас Бейісов «Казахстан – это родина моя» әнін гитараның сүйемелдеуімен орындады. Одан бөлек аудандық «Ғұмар оқуларының» жеңімпаздары Ермұхан Ерболат пен Дәурен Садиев Ғ.Қараштың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас әнші Әсел Байболатқызы «Қазақтың қызымын» әнін тамылжыта шырқады.
Фестиваль аудан көркемөнерпазы Асылан Боранбаевтың орындауында «Жәнібегім» әнімен қорытындыланды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz