Биыл БҚО камералық оркестрінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Аталмыш ұжым өздерінің мерейтойына әрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік концерт ұйымдастыруды құп көрген. Сөйтіп Теректінің төрінде «Күзгі симфония» атты концертін көпшілікке ұсынды.
Айта кетейік, БҚО камералық оркестрінің дирижеры, Ш.Қажғалиев атындағы III республикалық конкурстың лауреаты Асхат Хасанов.
Салтанатты кештің шымылдығы В.Пузаткиннің дирижерлығымен «Гобой Габриэля», «Караван» сынды әндермен түрілді. Сондай-ақ өңірімізге танымал әнші А.Хайырханов «Ақбақай», «Ақбұлақ» әндерін оркестр сүйемелдеуімен орындаса, оркестрдің «Ата толғауы», «Танец с саблями», «Танец огня», «Періште», «Деспасито» секілді әуендерді аспапта ойнап, жеткізуі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш нүктесі Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнімен түйінделді.
Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры А.Сағидоллин БҚО камералық оркестрі ұжымына алғысын білдіріп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Л.Сердалиеваның атынан камералық оркестрдің директоры С.Мақсотқызына алғысхат табыстады.
Кешке келген көрермен аспап үнімен шабыттанып, рухани демалып тарқасты.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz