3.11.2021, 15:29
Оқылды: 88

БҚО-да Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына жол салу жұмысы кешеуілдеп отыр

Батыс Қазақстан облысында шалғайда орналасқан Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына жол салу жұмысы кешеуілдеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі.

211103161529453e

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы мамыр айында өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес аталған қос ауданға жол салу қолға алынған болатын.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, қазіргі кезде жалпы ұзындығы 248 шақырым Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын автожолдарын күрделі жөндеу жалғасуда. Күні бүгін бұған барлығы 250 жол-құрылыс техникасы, 370 жұмысшы (85 пайызы – жергілікті тұрғындар) тартылған. Жол бойында 5 ұсақтау қондырғысы мен 4 асфальт-бетон зауыты орнатылған.

«Коронавирус індетіне байланысты өңірде қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық ахуал мен жауын-шашынға (топырақтың шамадан тыс ылғалдануына) байланысты жол-құрылыс жұмыстары кестеден 30-дан 70 күнтізбелік күнге дейін кешеуілдеп отыр», деді Ә.Кәрімбаев. Оның сөзіне қарағанда, конкурстық рәсімдер 2019 жылдың аяғында жүргізіліп, мердігерлер анықталды. Жылдың соңы болғаннан кейін қыс бойы дайындық жұмыстары жасалды. Алыс аудандар болғандықтан, құрылыс материалдарын теміржол арқылы тасымалдау керек болды.

«Өткен жылы пандемияға тап болдық. Қаражат тапшылығы да туындады. Соның салдарынан 10 шақырым жолға ғана асфальт төселді. Биылғы көктемде жауын-шашынның жиі түсуі жұмысты қиындатты. Биыл 37 шақырым қатқыл табанды жол тартылды. Қазіргі кезде күннің қолайлы уақытын пайдаланып, асфальт төсеу жұмысы жалғасуда. Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылынан «Ақжол құрылыс» ЖШС 10 шақырым жол тартты. Өнеге-Бисен бағытында «Атырау жолдары» ЖШС жұмыс істеуде. Айналма жолдар да бақылауда. Егер тұрғындар жол қиындығына ұшыраса, 1403 телефоны бойынша хабарласуға болады», деді филиал директоры.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале