5.11.2021, 12:31
Оқылды: 77

"Көздеріңнен айналдым" әнінің орындаушысы туралы бір үзік сыр

Соңғы жылдары әуезді әндерімен, бейнебаяндарымен елжұрттың қошеметіне бөленіп жүрген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дархан Құлбабаев жуырда «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды.

WhatsApp Image 2021-11-05 at 10.50.22

Аталмыш төсбелгі оған еліміздегі «Қазақ қоғамының қайраткері» ұйымының арнайы комиссиясының шешімімен эстрадалық ән өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Марапат алғаннан кейін кейіпкерімізбен аз-кем тілдескен едік.

WhatsApp Image 2021-11-05 at 10.50.22 (2)

Дархан Тұрғанбекұлы 1987 жылдың тоғызыншы наурызында Шыңғырлау ауданындағы Қарағаш ауылында өмірге келген. Өнер оған ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыса керек. Атасы Сағынбай қос ішекті домбыраның құлағында ойнаса, әкесі Тұрғанбек домбырамен, гитарамен ән салып, ортаның сәні болған. Үйде атасы мен әкесі домбырамен Құрманғазының, Динаның, Сейтектің күйін тартып, ән салып отырғанда олардың айтқан мақамы бала Дарханның санасына сіңе береді. Осылайша кейіпкеріміз өнер жолын таңдап, болашағын айқындайды. Қазір ауыл жаққа бара қалса, ата-әжелер кейіпкерімізге «Сағынбай қарттың немересісің бе? Саған өнер атаңнан дарыған болды ғой» деп жылы лебізін білдіріп  жатады  екен.

– Тоғызыншы сыныптан бастап ауыл сахнасында ән айта бастадым. Сол ауылдағы тілеулес ағайынның батасы, көрермендердің қошеметі мен алғысының арқасы шығар, еліміздегі ең таңдаулы сахналарда, Нұр-Сұлтан қаласындағы Конгресс холда, Алматы қаласындағы Студенттер сарайында өнер көрсеттім. Алайда мен үшін ең киелі, жүрегіме ыстық сахнатуған жерім Қарағаш ауылындағы шағын ғана мәдениет үйінің сахнасы дер едім. Ең алғаш тоғызыншы сыныпта аудандық «Дала дарындары» атты байқауға қатыстым. Сол өнер байқауында үшінші орын алып, алғысхат пен конвертке салынған 500 теңгеге ие болдым. Содан кеш біткен соң конвертімді жоғалтып алмайын деп қалтама  мұқият салып, анама беру үшін үйге жеткенше асықтым. Алғашқы жүлдемді, табысымды анама апарып берген кезде жүрегімде мақтаныш сезімі кернеді. Анам да қатты қуанды.Әрине, одан кейін де ата-анама сыйлық жасадым. Бірақ біз үшін есте қалған ең қымбат сыйлық сол, алғашқы жетістігімнің марапаты еді. Мектепте өнерге, ән салуға баулып, сахна мәдениетін меңгеруге үлес қосқан Қайрат Айжарықов, Ерболат Қабиев есімді ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді ол.

Кейіпкеріміз мектеп бітірген соң М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факультетіне, нақтырақ айтсақ, би және саз бөліміне  оқуға түседі. Университет қабырғасында да ән салып, студенттік ортада таныла бастайды. Бүгінде отбасылық достарға айналған Берік Абдуллиев екеуі сонау студенттік шақта БҚМУ-да дуэт құрып, «Нұр Мұқасанның» әндерін орындаған. Кейін үшінші курста сол оқу ордасының қазақ филологиясы факультетінде оқып жүрген Эльвира есімді арумен шаңырақ көтереді. Бақытты жанұя бүгінде үш перзент тәрбиелеп отыр. Тұрғанбектің Дарханы жоғары оқу орнын бітірген соң Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға қызметке орналасып, өнер жолына түбегейлі бет бұрады.

Кейіпкеріміздің орындауындағы «Көздеріңнен айналдым» (сөзі Рахат Абдрахманов, әні Ербол Ақбасов),  «Жан әке» (сөзі Рахат Абдрахманов, әні Ғани Айжанов), «Сыйластық» (сөзі Айсәуле ейсенхан, әні Қайрат Темірғали) әндері отандық телеарналардың музыкалық бағдарламаларынан көрсетіліп, өз тыңдармандарын тауып үлгерді. «Той-думан», «Муз ТВ», «Хит ТВ» телеарналарынан кейіпкеріміздің бейнебаяндары да жиі ұсынылуда. Сондай-ақ былтыр республикалық «Zhuldyz tv» телеарнасы қазақ эстрада әншілерінің басын қосып, «Жыл үздігі – 2021» атауымен арнайы жоба ұйымдастырған еді. Сол байқауда Дархан Тұрғанбекұлы «Көздеріңнен айналдым» әнімен «Үздік лирик әнші» аталымын иеленді.

– Осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2014 жылы  Алматы қаласында ақын Есенқұл Жақыпбектің 60 жылдығына орай ән байқауы өтті. Сол конкурста қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Саят Медеуов, Есет Сәдуақасовтай ағалармен таныстым. Телефон арқылы үнемі сөйлесіп отырамыз. Өнер жолында ағалық кеңестерін айтудан жалыққан емес. Алматы қаласына барсам, Саят аға күтіп алып, қонақ етіп қарсылайды. Ол Оралға келсе, мен бар құрметімді көрсетуге тырысамын. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп жүргеніме де 10 жыл болды. Филармонияның күміс көмей, жезтаңдай әншілерімен бірге қызмет еткенімнің өзі бір мектепке татиды. Өзім жазған санаулы әндерім тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жүрегінен орын алсын деген ниетпен әнді әрлеуге (аранжировка) көп көңіл бөлемін. Бос уақытым да отбасыммен, балаларыммен таза ауада серуендегенді ұнатамын. Жазғы демалыс кезінде перзенттерімді еліміздің бірқатар қалаларына апарып, тарихи орындарды көрсеттім, – дейді кейіпкеріміз.

Болашақта репертуарын жаңа әндермен байытуды жоспарлап жүрген Дархан Тұрғанбекұлына сәттілік тілеп, өнер айдынында айыңыз, лайым, оңынан туа берсін демекпіз.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале