Қос ғасырдың куәсі болған Зәкира анамыз (Мұхабетиярқызы) туралы жазу – аналарға деген құрмет. 95 жасқа толғалы отырған ардақты ананың алдында жарық дүниеге әкелген 11 ұл-қызының ғана емес, менің де қарызым бар.
Зәкира анамызды іздеп Теректі ауданының Ұзынкөл ауылына бардым. Алдымнан қарсы алған немере келіні Эльенораның қарт әжесіне деген мейірімін көріп, жүрегім елжіреді. Ұлы Ерлан мен Бәтима келінінің саясында немере-шөберелердің шуағына бөленген ананың бақытты сәтін көріп, өз анам есіме түсіп, көңілім босады. Сонау 1970 жылы Тайпақ ауданының «Есенсай» совхозы, Кеңсуат ауылында алғаш еңбек жолымды бастағанда Зәкира анамыз дүкенші болған еді. Мектеп оқушыларына керек дүниелерді үнемі жеткізіп беріп отыратын. Өз үйіңнен шалғайда, әке-шешенің жылы құшағынан шет жүргенде, жүрегі кең жандарды қамқоршыңдай сезінесің ғой.
Біздің әңгімеміз қарт анамыздың балалық шағынан басталды. Ғасыр жасаған ана менің анаммен бір ауылда еңбек етіп, жастық ғұмырының ең ауыр жылдарын бірге өткерген кездерін еске алды. Сұм соғыс салған жараның орны жүрегінде әлі сақталғанын көзіне жас ала отырып әңгімеледі.
– Біздің балалық шағымыз 1920 жылдары елде оба мен аштық қатар жайлаған кезден кейінгі жылдармен тұспа-тұс өтті. Халықтың жағдайы жүдеу болса да бір-бірімен тату, көмек көрсетуге даяр тұратын. «Жарты нанды жарып, бүтін құртты бөліп жеген» күндер әлі күнге кешегідей көз алдымда. Қиындықты көп көрген соң ба, ол кездің жылдары мен айларын да ұмытпаймын.
Біз тұрған қазіргі Кеңсуат мекені (ол кезде «Киров») колхоз болған еді. Мен «Кәрішеген» деген жерде 1-класқа бардым. Мал баққан ауыл қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүрдік. 1935 жылы 2-класс оқығанда, Кеңсуатта 7 жылдық бастауыш мектеп ашылды. Сол кезде елде қуғын басталып, әкемнің інісі Баймұқан Ресей асты.
Жайық бойын жағалай қонған елдің жұмысы, әсіресе, жаз айында көбейіп кететін. Әкем де, анам да қысы-жазы тыным таппайтын. Бала болсақ та ата-анамызға көмектесетінбіз. Үлкен екі ағам соғыс басталысымен, жап-жас қалпында әскерге алынды. Екеуі де оралмады. Кіші ағам Ғарифолла тұтқынға түскен екен. Мен «7-шіні» бітіргенде окопта жаумен айқасып жүргенін жазған хаты келді (оның есімі Есенсайда «Ерлер есімі – ел есінде» тақтасында тұр).
1942 жылы қатты су тасқыны болды. Ауыл маңындағы Жайықтың жайылма суының өзі елдің берекесін алды. Мұқаш атамдар судың деңгейін таяқпен өлшеп тұратын. Балалар қызық көретінбіз. Ауыл тұрғындары суды таңға дейін кезектесіп күзетіп шықты. Сол көктемде анам таң алдында сайдан шығып келе жатқанда құлап, қолын сындырып алды. Халі күннен-күнге нашарлап, қиналып жүрсе де, балаларының қамын ойлады. Жанғали деген оқыған әрі қолының емдік қасиеті бар дәрігер болды. Ол айналдырған ауруды «ұшына тиген, жазылуы қиын» деп жүргенде, анам 1943 жылы инсульт алды. Мен 16 жасымда бие сауып, тамақ әзірлеп, анамды бақтым. Анам дүниеден өтіп, соғыстың өрті өршіп тұрғанда әкем мен үйдегі 5 баланың тауқыметі маған қалды.
Анасыз қалудың қасіретін жетім қалғандар ғана біледі. Көз жасымды сүртіп жүріп, үйдің де, мектептегі комсомолдың да жұмысын қатар алып жүрдім. 1943 жылы соғыстан ағаш аяқпен оралған Сәрсенғали ағай колхозға төраға болған еді. Сол жылы мол шыққан тары мен бидайды ауыл ортасында тастан салған үлкен клубтың кең бөлмесіне жинадық. Мен күзетемін. Әкем жағдайы жоқ үйлерге шелектеп тары беретін. Мектепте мұғалім болған Бектемір Шәкімов мені аяп, «Зәкира, сенің 1-2 класты оқытуға шамаң жетеді. Мен жолдама алып берейін, сен Оралға барып кел», – деп, екі айлық оқуға жіберді. Кеңсуатта 1950 жылға дейін бастауыш класқа мұғалім болдым.
Ел-жұрт әкеме «Балаларыңды ая, үйлен», – деп 1946 жылы үйлендірді. «Орджоникидзе» мен «Киров» колхозынан 48 қыз тракторшылар даярлайтын курста оқыған еді. Солармен бірге оқыған екінші анамыз Қымбат жаман адам болмады. Өзім 1947 жылы Төреғали деген азаматқа тұрмысқа шықтым.
Ол 1922 жылы туған, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Жұбайымның әкесі Ресейде қалып, енем екеуі елге оралған. Жалғыз бауыры елге келе жатқанда жолда қайтыс болған екен. Төреғали елге келген соң нағашыларын, Теректіден туыстарын тапты.
1958 жылы қазіргі Құрайлысайдан «Екеуіңе екі дүкенді береміз, бізге дүкенші керек» деген қатынас қағаз келді. Шақырған соң бардық. Дүкенде солярка саттым, от жақтым, еденді өзім жудым. Ол кезде дүкенді әлсін-әлі тексеретін. Әрі тексеретіндерін алдын ала білмейтінбіз, ескертпейтін еді. Бірде 3-4 кісі келді. Сонда мектепте есепке алғыр болғанымның пайдасын көрдім. Мойнымызға ақша ілмедік, артық байлыққа қызықпадық. Төреғали екеуміз 11 бала өсірдік, бертін келе 4-еуі өмірден өтті. Қазір жетеуінің қайырын көріп, соларға өмір тілеп отырмын. Үлкен ұлым Ұлықпаным – зейнеткер, Нұрланым – мал дәрігері, Алма сауда саласының оқуын бітірді. Нариманым – Сенатта, халық қалаулысы, Ерланым – кәсіпкер, Айгүлім – елде мұғалім, Кенжесұлуым – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде аға оқытушы,– деп өмір жолынан сыр шертті абзал ана.
Зәкира анамыз бен 27 жыл бұрын өмірден өткен Төреғали қартының ұрпақтары бүгінде жан-жақта. Әрқайсысы әлсін-әлі анасының халін біліп тұрады. Қос ғасырдың ащысы мен тұщысын татқан бекзат болмысты анамызға «100 жасыңызды бірге тойлайық!» – деп ауылдан аттандым. Сұлу, сырбаз, сабырлы қалпын сақтаған ардагер, алтын құрсақты анаға деген елдің құрметі арта түспесе, кемімейді.
Үзілдік Елеубайқызы,
ақын,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы