Батыс Қазақстан облысында қылмыстық іздестіруге қойылған 11 ресейлік автокөлік табылды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ресейлік полицейлер берген деректер бойынша Ресейден Қазақстанға әкетілген 606 автокөліктің қылмыстық оқиғаларға қатысы бар болып шықты.
Соның 48-і Батыс Қазақстан облысында жүр. Осыған байланысты полиция қызметкерлері мұндай көліктерді анықтау үстінде.
«Күні бүгінге дейін табылған 11 автокөліктің қайда жүргені және иелері туралы ресейлік іздестірушілер тарапына мәлімет берілді. Аталған көліктер айып тұрағына қойылды. Ресейлік автокөлікті алар кезде сатып алушылар ҚР ІІМ базасы бойынша тексеру үшін алдымен БҚО полиция департаментіне хабарласуы керек» деп хабарлады ведомстводан.
Департамент мәліметіне қарағанда, биылғы он ай ішінде өңірде 243 жол-көлік оқиғасы салдарынан 84 адам қаза тауып, 357-сі түрлі жарақат алды.
Соның ішінде шетелдік автокөліктердің қатысуымен 89 жол апаты болып, 32 адам көз жұмып, 122-сі жарақат алды.
Дереккөз: inform.kz