10.11.2021, 15:15
Оқылды: 47

Мәжіліс депутаты жанар-жағармай мен көмір бағасына қатысты пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының депутаттық сауалын Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдап, дизель мен газ және көмір бағаларының мәселесін көтерді.

7FB87501-2EEB-4D2A-9BF5-96BE0CE1C96C

«Партиямызға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жеткен автогаз отының тапшылығы және оның бағасының күрт өсуі жөніндегі шағымдары осы депутаттық сауалға негіз болды. Бұған дейін 50-60 теңге тұратын газ, соңғы кезде 120-150 теңгеге дейін ұлғайды. Тіпті, қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде, газдың бағасы бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Бұның бәрі газ қожайындарының қолдан істеп отырған ісі деген сөз ел аузында. Биылғы қазан айында дизель отының тапшылығына және бағасының өсуіне куә болдық. Осы жағдайға байланысты, жүргізушілер өңірлерде ереуілге де шығып жатты», - деді Серік Ерубаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол қазан айының соңында авиакеросин тапшылығы болғанын еске салды. Көршілес елдің энергетика министрлігінің көмегімен дизель отыны мен керосиннің мәселесі уақытша жабылған.

«Бірақ, дәл осы жерде «уақытша» деген сөзді естен шығармауымыз керек! Жуырда, Мемлекет басшысы, мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, дизель отынының тапшылығы жасанды екендігін баса айтты. 2017 жылы Елбасы қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртумен қатар, төртінші зауыт салу қажеттігін атап өткен болатын. Алайда, бұл бастамаға министрлік тарапынан жаңа зауыт қажет емес деген тұжырым, бүгінгі жағдайда ел экономикасының тиімділігіне күмәнді болып отыр. Еліміздегі Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға екі триллион теңге жұмсалды. Ендеше, аталған зауыттардың жыл сайын жөндеуге тоқтатылуын немен түсіндіреді?

Бірақ, министрліктің жауабы әрқашан дайын, егер, дизель отыны тапшы болса оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе, оған газбен жүретін көліктер санының көбейуі туралы сылтау айтылады», - деді депутат.

Сонымен қатар ол көмірдің де тапшылығына қатысты сын айтты.

«Мысалы, «Шұбаркөл» кеніндегі көмірдің тоннасы 5800 теңге болса, карьерден сатып алушыға барар жолда көмірдің бағасы 16 мыңға дейін жетеді. Бұндай жағдайда да дефицит жасанды болып, бағалық сөз байласу фактілері расталса, құқық қорғау органдары да сыртта қалмауы керек. Жанар-жағармайдың қымбаттауы транспорттық компанияларға қоса, күнделікті тауарлардың да бағасының өсуіне әкеліп соқтырады. Мемлекет өз тарапынан дағдарыс кезінде адал кәсіпкерлерден бағаны көтермеуді әрдайым талап етуді ережеге айналдырып алғандай. Қалыптасып отырған жағдайда, кәсіпкерлердің де мемлекеттен мұнай өнімдері мен көмірдің бағасын реттеуді талап ету орыны бар деп есептейміз. Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын жүзеге асыру мүмкіндігін қарауды сұраймыз», - деді Серік Ерубаев.

Дереккөз: inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале