Бүгін аудандық мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Борсы ауылдық округі өнерпаздарының «Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік концерті өтті.
Шара фойеде әзірленген «Тәуелсіздік – бабалар аңсаған ұлы арман» көрмесін тамашалаудан басталды. Кейін сахна төрінде театрландырылған көрініс пен LED-экранда «Ауылым 30 жылда» атты слайд көрсетілді. Мерекелік концерт Әдиет Қаратаевтың сөзіне жазылған Мербол Ихсановтың орындауында «Көлборсым» әнімен жалғасын тапты.
Сонымен қатар, шарада «Аққайың» халықтық би ансамблі «Жайлау» және татар халық билерін билесе, Ранида Майдушева «Жан жылуы» әнін орындады. Сәкен Кенжеғалиев «Құныскерейдің термесін» тамаша орындап шықты. Сондай-ақ, бүлдіршіндер Фархат Әмірғали мен Нұржігіт Сабырғали «Қазақстан» әнімен баршаны тамсандырды. Нұрлы Сабырғали «Қазақстаным» өлеңін мәнерлеп оқып берсе, кішкентай Мәдина Асқар мен Айерке Дайырғали «Мен қазақтың қызымын» әнімен көрермен қошеметіне бөленді.
Мерекелік жиын М.Ихсановтың орындауында «Қазақстаным» әнімен қорытындыланды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz